Қарағандыда ЖОО ректоры: журналист оның жеке өмірі туралы заңсыз мәлімет жинады деп айыптады
9 наурызда Қарағанды қаласының Қазыбекби аудандық сотында «Tengrinews» Ақпарат агенттігінің меншікті тілшісі Николай Кравецтің үстінен «жала жабу» (ҚР ҚК-нің 130-бабы) және «адамның жеке өмірі туралы заңсыз мәлімет жинау» (ҚР ҚК-нің 147-бабы) айыптары бойынша сот ісі басталды. Сотқа арыз түсірген – Орталық Қазақстан академиясының ректоры Бақытбай Жүнісов.
Сотқа жүгінуге – 30 қаңтарда аталмыш ақпарат агенттігінің сайтында «Қарағанды облысында 1,2 миллион доллар тұратын Фаберже жұмыртқасы мен гаһар тастар ұрланды» және «Фаберже жұмыртқасы мен жақұт тастар кімнен ұрланғаны белгілі болды» деген мақалалар себеп болды. Мақалалар – осы шулы ұрлық бойынша айыпталушыларға шығарылған үкімнің негізінде дайындалған. Ал үкімнің өзі Жоғарғы соттың ресми сайтынан алынды.
Екінші материалда Н. Кравец – жәбір көрген адам: академия ректоры екенін айтқан.
Жеке айыптаушы: «Николай Кравец өз мақаласында «оның үйінен белгілі бір сомадағы «Фаберже жұмыртқасы мен гаһар тастар ұрланды» деп жазып, маған жала жауып отыр» деп санайды. Себебі қылмыстық істің материалдарында 2 млн. теңгеге тұратын Фаберже жұмыртқасының суреті бар монеталар мен жалпы сомасы 23 млн. теңгеге бағаланған алтын әшекейлер туралы айтылған» дейді.
Бақытбай Жүнісов, сонымен бірге: «журналист Қарағандыоблыстық прокуратураға, Мемлекеттік кіріс департаментіне: «Б. Жүнісовтің шетелдік шоттары бар ма? Және бұл істе жемқорлықтың белгілері бар ма? Сондай-ақ, осы мәселе бойынша тексеріс жүргізу жоспарланып отыр ма?» деген сауалдар жолдауын, ол өзінің жеке өмірі туралы заңсыз мәлімет жинау деп санаған.