Тергеу изоляторында Жанболат Мамайды соққыға жыққан факті бойынша қылмыстық іс қозғалды
23 ақпанда журналист және қоғам қайраткері Жанболат Мамайды қорғау Комитетінің мәлімдемесіне арналған баспасөз мәслихатында адвокат Жанар Балғабаева Жанболат Мамайды соққыға жыққан факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабырлады.
«Жанболатты №150 камераға көшіргені белгілі болды, ол жерде 4 адам болады. Бірақ ол жерде Мамай қаншалықты қауіпсіздікте болатыны бізге, бәрібір, түсініксіз. Оның қауіпсіздігіне көзіміз жеткенше, күнделікті мониторинг жүргізіліп тұрады. Жанболатты соққыға жыққан факті бойынша Түрксіб АІІБ (РУВД) сотқа дейінгі тергеу бастады», - деді Ж. Балғабаева.
Бірақ ол, сонымен бірге, Ж.Мамайға психологиялық қысымның жалғасып жатқанын хабарлады.
«Жанболат №197 камерада болған кезде оған үнемі физикалық қысым көрсетіліп келді, алайда мына жақта дабыл қағылып, шу көтерілген соң, оны соққыға жығуды тоқтатқан. Дегенмен, 2 сағат бойы белгілі бір уақыт аралығында онымен «сен қажет көрсетулер беруің керек. Сен бұл жерде (Тергеу изоляторы) қалмауға тиіссің, әйтпесе сен бұл жерде тірі қалмауың да мүмкін» деген мағынада әңгіме жүргізген», - деді адвокат.
Ж. Балғабаеваның сөзінше, Ж.Мамайды соққыға жығып, қоқан-лоқы көрсеткені туралы арыз қолға тие салысымен тиісті шағымдар құқыққорғау және қадағалау органдарына дереу жіберілген.
10 ақпанда «Трибуна. Саяси қалам» газетінің редакциясы мен бас редакторы Жанболат Мамайдың үйінде тінтулер жүрген. Сол күні Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының қызметкерлері - «БТА» банктің қаржысын қымқырды деген Мұхтар Әбләзовтің ісі шеңберінде Ж.Мамайды ұстаған.
11 ақпанда Алматының Медеу аудандық соты Жанболат Мамайды екі айға қамауға алуға рұқсат берді.
Қамауға алынар алдында Жанболат жария мәлімдеме жасады. Онда ол:
«Мен, Жанболат Мамай, тағылған айыптар бойынша өзімді кінәлі деп санамаймын. Өмірімде бизнеспен, қаржылық шаруалармен айналысқан емеспін. Бұл істі саяси астары бар деп, журналистік қызметіме қысым және "Трибуна" газетін жабу әрекеті деп есептеймін» - деп жазған.
20 ақпанда Алматы қалалық соты Ж. Мамайдың апелляциялық шағымын қанағаттандырмай тастап, бұлтартпау шарасы ретінде таңдалған «қамауда ұстау» шарасын кепілге ауыстыруды сұраған өтінішті қанағаттандырмай тастады.
21 ақпанда «Трибуна. Саяси қалам» газетінің бас редакторы Жанболат Мамай №18 тергеу изоляторынан өзінің соққыға жығылғанын, бопсаланғанын және өз өмірі үшін қауіптенетінін хабарлады.