Жанболат Мамай тергеу изоляторында өзінің соққыға жығылғанын, бопсаланғанын және қоқан лоқы көргенін хабарлады
21 ақпанда «Трибуна. Саяси қалам» газетінің бас редакторы Жанболат Мамай №18 тергеу изоляторынан өзінің соққыға жығылғанын, бопсаланғанын және өз өмірі үшін қауіптенетінін хабарлады.
«Менің қауіпсіздігіме қатысты жедел шаралар қолдануыңызды сұраймын. Жұма күні мені кешке дейін №81 камерада карантинде ұстады, содан соң №197 камераға көшірді. Мені қауіпсіз жерге көшіруіңізді сұраймын, жалғыз адам отыратын камераға да келісем. Себебі мен өз өмірім мен қауіпсіздігіме алаңдаймын», - деп жазды Ж.Мамай өзінің адвокаты Жанар Балгабаеваға.
Бұдан тыс, ол «Трибуна. Саяси қалам» газетінің редакция қызметкері Инге Иманбайға қысқа хат беріп жіберген.
«Түрме камерасында соққыға жығылғанымды мәлімдеймін. Өз өзіме қол жұмсаймын деген ойым жоқ. Алда-жалда «бірдеңе» бола қалса, онда мені әдейі өлтірді деп қараңдар. Мен өз өміріме қауіптенем. «Біз түрменің кез келген камерасына жете аламыз» деп маған нақты айтты және бұл қалжың емес. Менен 200 мың теңге талап етуде. Және бас тартуымды сұрап отыр»,- деп жазылған сол хатта.
Журналист Сергей Дуванов Facebook әлеуметтік желісіндегі өз парақшаснда: «Ж.Мамайды «бұрынғы көрсетулеріңнен бас тартпасаң, дарға асып өлтіреміз» деп мәжбүрлеп жатқан болар» деп жазған.
10 ақпанда «Трибуна. Саяси қалам» газетінің редакциясы мен бас редакторы Жанболат Мамайдың үйінде тінтулер жүрген. Сол күні Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының қызметкерлері «БТА» банктің қаржысын қымқырды деген Мұхтар Әбләзовтің ісі шеңберінде Ж.Мамайды ұстаған.
11 ақпанда Алматының Медеу аудандық соты Жанболат Мамайды екі айға қамауға алуға рұқсат берді.
Қамауға алынар алдында Жанболат жария мәлімдеме жасады. Онда ол:
«Мен, Жанболат Мамай, тағылған айыптар бойынша өзімді кінәлі деп санамаймын. Өмірімде бизнеспен, қаржылық шаруалармен айналысқан емеспін. Бұл істі саяси астары бар деп, журналистік қызметіме қысым және "Трибуна" газетін жабу әрекеті деп есептеймін» - деп жазған.
20 ақпанда Алматы қалалық соты Ж. Мамайдың апелляциялық шағымын қанағаттандырмай тастап, бұлтартпау шарасы ретінде таңдалған «қамауда ұстау» шарасын күшінде қалдырды.