Алматыда қалалық сот Жанболат Мамайды қамауға алу туралы шешімді күшінде қалдырды
Медеу аудандық сотының «Трибуна. Саяси қалам» газетінің бас редакторы Жанболат Мамайға бұлтартпау шарасы ретінде шығарған шешіме келтірген апелляциялық шағым 20 ақпанда Алматы қалалық сотында қаралды. Ж.Мамайдың адвокаты Жанар Балгабаеваның айтуынша, бұлтартпау шарасы ретінде таңдалған «қамауда ұстау» шарасын кепілге өзгертуді сұраған өтінішті сот қанағаттандырмай, оны Ж.Мамайға тағылған айып бойынша кепілге шығару шарасы қолданылмайды деп түсіндірген. Апелляциялық шағым жабық режимде қаралған, Ж.Мамайдың жақын туыстары мен әріптестерін және БАҚ өкілдерін залға кіргізбеді.
Отырыс басталар алдында Ж.Мамайдың жақтастары қалалық сот ғимаратының алдында «Трибуна. Саяси қалам» газетінің бас редакторын қолдайтын плакат жайып тұрды.
10 ақпанда «Трибуна. Саяси қалам» газетінің редакциясы мен бас редакторы Жанболат Мамайдың үйінде тінтулер жүрген. Сол күні Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының қызметкерлері «БТА» банктің қаржысын қымқырды деген Мұхтар Әбләзовтің ісі шеңберінде Ж.Мамайды ұстаған.
11 ақпанда Алматының Медеу аудандық соты Жанболат Мамайды екі айға қамауға рұқсат берді.
Қамауға алынар алдында Жанболат жария мәлімдеме жасады. Онда ол:
«Мен, Жанболат Мамай, тағылған айыптар бойынша өзімді кінәлі деп санамаймын. Өмірімде бизнеспен, қаржылық шаруалармен айналысқан емеспін. Бұл істі саяси астары бар деп, журналистік қызметіме қысым және "Трибуна" газетін жабу әрекеті деп есептеймін» - деп жазған.