Журналистерді қорғау комитеті Жанболат Мамайды дереу босатуды талап етті
13 ақпанда халықаралық Журналистерді қорғау комитеті (CPJ) «Саяси қалам. Трибуна» газетінің басредакторы Жанболат Мамайды дереу босатуды талап еткен мәлімдеме жасады.
«Қазақстандық билік өзіне ұнмайтын БАҚ-тардан құтылып, медиа-алаңды үнемі тазалап келеді. Жанболат Мамайдың тұтқындалуы – осы бағыттағы тағы бір қадам. Қазақстан билігі бас редакторды дереу босатып, оның жұмысына кедергі келтіруді тоқтатуы тиіс», - деп мәлімдеді Журналистерді қорғау комитетінің (CPJ) Еуропа мен Орталық Азия бойынша үйлестірушісі Нина Огнянова.
Мәлімдемеде: «ұрлық жасады деп айып тағылған оппозициялық лидер және БТА Банктің бұрынғы басшысы Мұхтар Әбләзовтан Жанболат Мамай заңсыз қаржы алды айыпталып отыр. Егер Ж.Мамайды кінәлі деп тапса, оны 7 жылға дейін соттап, түрмеге қамауы мүмкін» деп көрсетілген.
Сонымен бірге CPJ мәлімдемесінде: М. Әбләзовтың Ж.Мамайды танымайтыны айтылған.
«Әбләзов БТА Банкті басқарып тұрғанда 6 млрд долларға жуық қаржының ізін жасырған деп айып тағып, Қазақстанда оған іздеу жарияланған. «Мамайға таққан айыптарды «сандырақ» деп санаймын және мен бұл журналиспен ешқашан кездескен жоқпын, сондай-ақ «мен ұрлық жасады-мыс» деген 2005-2009 жылдары Жанболат бар жоғы 17-20 жаста болған»,- деп жазды М. Әбләзов өзінің Facebook парақшасында. «Оппозициялық лидер, сондай-ақ, өзіне тағылған айыптарды да мойындамай, Қазақстанның оны экстрадициялауды талап еткен әрекеттерімен жылдар бойы күресіп келеді»,- деп жазылған CPJ мәлімдемесі мәтінінде.
10 ақпанда «Саяси қалам. Трибуна» газетінің редакциясы мен басылымның бас редакторы Жанболат Мамайдың үйінде тінту жүрген. Ж.Мамайды сол күні Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының қызметкерлері «БТА» Банк қаржысын қымқырған Мұхтар Әбләзовтің тергеу ісі шеңберінде ұстаған болатын.
11 ақпанда Алматының Медеу аудандық соты Жанболат Мамайды екі айға қамауға алуға рұқсат берді.
Тұтқынға алынар алдында Жанболат көпшілікке арналған жазбаша мәлімдеме жасады. Онда ол:
«Мен, Жанболат Мамай, маған тағылған айыптар бойынша өзімді кінәлімін деп санамаймын. Өмірімде ешқашан бизнеспен, қаржылық іс-әрекетпен айналысқан емеспін. Ал осы жолғы қудалауды – менің журналистік қызметім үшін саяси қысым және «Трибунаны» жабу әрекеті деп санаймын» - деп жазды.