Бигелды Ғабдуллиннің ісі бойынша сот 17 қаңтарда басталады
Сотталушының шын жүректен өкініш білдіруіне қарамастан, сот осы іс бойынша өндірісті тоқтатуға негіз таппай, Бигелді Ғабдуллиннің ісін қарайтын басты сот талқылауын 17 қаңтарда сағат 10-да басталады деп белгіледі. Судья Бағлан Ыдрысовтың пікірінше Б. Ғабдуллинді қылмыстық жауапкершіліктен босату мәселесі – қылмыстық іс материалдарын сот барысында зерттегеннен кейін ғана шешілуі мүмкін.
Судья Б. Ғабдуллиннің қорғаушысының сот процесін жабық режимде өткізуді сұраған өтінішін де қанағаттандырған жоқ. Алайда, сот барысында журналистер аудио және бейне жазба жүргізуіне тыйым салуды сұраған сотталушының өтінішін қанағаттандырды.
Central Asia Monitor газетінің бас редакторы және Radiotochka.kz сайтының директоры Бигелді Ғабдуллинге ҚР ҚК-нің 194-бабы 4-тармағы бойынша (Бопсалау) айып тағылып отыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының хабарлауынша Б. Ғабдуллин өзіне қарасты CentralAsiaMonitor және Radiotochka.kz БАҚ-тарын пайдаланып, «мемлекеттік органдар жетекшілерінің іскерлік беделіне нұқсан келтіретін жағымсыз материалдар жариялап, ақпараттық шабуылды күшейткен». Ұлттық бюроның деректері бойынша Ғабдуллин содан кейін сыни материалдарды тоқтату үшін өзінің медиаресурстарына мемлекеттік тапсырыстар беруді талап етіп, лауазымды қызметкерлерді бопсалаған. Олар, өз кезегінде, Ғабдуллиннің компанияларын лоббилеп, мемлекеттік сатып алу шарттарымен қамтамасыз етіп отырған. Осыдан кейін ғана оның БАҚ-тарында сол басшылардың қызметі туралы тек жағымды материалдар шығып жүрген. 2016 жылы 15 қарашада Б. Ғабдуллин қамалып, артынан тұтқынға алынған. Бұл іс бойынша алдын ала тыңдаулар 11 қаңтарда өтті.