Бигелді Ғабдуллиннің ісі бойынша баспасөз мәслихаты өтті
23 қарашада Қазақстан баспасөз клубында «Бигелді Ғабдуллинді не үшін айыптап жатыр?» деген тақырыпта баспасөз конференция өтті. Оған Алматы қалалық адвокаттар алқасының адвокаты Оралбай Әлімжан, Сөз бостандығын қорғайтын халықаралық «Әділ сөз» қорының президенті Тамара Калеева және «CentralAsiaMonitor» газетінің журналисі Кенже Татиля қатысты.
Журналистерге баспасөз хабарламасы ұсынылды:
«CentralAsiaMonitor» газеті мен Radiotochka.kz интернет-порталының жетекшісі Бигелді Ғабдуллин 15 қарашада қамауға алынып, 17 қарашада екі айға тұтқындалды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы оны бопсалауға барды деп күдіктеніп отыр. Тергеу болжамы бойынша «Ғабдуллин өзінің бақылауындағы: «CentralAsiaMonitor» және «Radiotochka.kz» БАҚ-тарында мемлекеттік органдар жетекшілерінің іскерлік беделіне нұқсан келтіретін жағымсыз материалдар жариялап, ақпараттық шабуылды күшейткен». Осылайша, ол сынға ұшыраған шенеуніктерден өзінің БАҚ-тарына мемлекеттік тапсырыс беруді бопсалап, оның орнына мақтау материалдарымен есептескен.
Жемқорлыққа қарсы күрес мекемесінің логикасы: «сынасаң – бопсалағаның», «мақтасаң – бопсалаудың мақсатына жеткені». Бірақ бұл логиканы ақыл-парасатпен түсіндіру мүмкін емес. Себебі «CentralAsiaMonitor мен Radiotochka.kz-да шыққан сыни материалдардың бірде бірі шындыққа сәйкес келмейді» деп сотқа ешкім жүгінген жоқ, олай болса, сол мақалаларда келтірілген деректер шындыққа сай келеді және ешкімнің беделіне нұқсан келтірген жоқ. Кез келген лауазымдағы шенеунікті негізді түрде сынау – БАҚ-тың ашық конкурстарға қатысып, мемлекеттік тапсырыс алу құқығынан айырмайды.
Тергеу органдарының іс әрекеттері – бұл іс анық айыптау бағытында жүріп жатыр деп бізге болжам жасауға негіз береді. Күдіктіні қамауға алған күні Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы: Бигелді Ғабдуллин бопсалаумен айналысты дегенді айқын дерек ретінде айтты. Тергеу жаңадан басталғанына қарамастан, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшысы Қайрат Қожамжаров Ғабдуллиннің кінәсін дәлелдейтін барлық қажет айғақтар табылатынына сенімді болды. «Біз тергеу барысында анықталған барлық дәлелдердің куәсі боламыз» деді ол журналистерге 16 қарашада.
Алайда Ғабдуллиннің заңға қайшы әрекеттері туралы хабарлаған шенеуніктердің уәждері мен дәлелдері әлі белгісіз, бұл, өз кезегінде, қайғылы 37-ші жылдың «өсек тасуымен» салыстыруға негіз береді. Сондай-ақ, тергеудің ең басында біздің қойған: «бопсалауға қатысты қылмыстар ІІМ-нің (МВД) құзырына қараса, неге бұл іспен жемқорлықпен күрес бюросы айналысып отыр?» деген сұрағымыз әлі жауапсыз қалып отыр.
CentralAsiaMonitor и Radiotochka.kz редакцияларында өткен тінтулердің мақсаты «қайткенде де дәлелдер табу» болып отыр және тінту өрескел заңсыздықтармен өтті. Адвокаттардың айтуынша тұтқынға алынған Б. Ғабдуллиннің заңды құқықтары бұзылған. Сондай-ақ, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бюросына «әңгімеге» шақырылған бірқатар журналистерді қорқытқан.
Бигелді Ғабдуллиннің ісі бойынша тергеу – кінәсіздік презумпциясы және заңдарды бұлжытпай орындау, айыптау мен қорғау жақтарының құқықтары тең сақталу негізінде жүргізілуі керек. Қылмыстық қудалау органдары сот болмай жатып, белгілі публицист және құрметті адам туралы теріс қоғамдық пікір қалыптастыруға жол бермеуі керек.