Жоғарғы сот «Жас Алаш» газетінен өндіріп алу сомасын 8 есе қысқартты
«Жас Алаш» газетінің редакциясы және оның бас редакторы Рысбек Сәрсенбайұлы, журналист Меруерт Тұрысыбекова, сондай-ақ азамаша Гүли Әлиханқызы берген шағымы бойынша ҚР Жоғарғы сотында 2 қарашада қадағалу алқасының отырысы өтті.
Олар Алматы қалалық соттың апелляциялық алқасының: көптеген атақтың иегері, инемен емдеуші дәрігер Жасан Зекейұлына келтірген моральдық зиянның өтемақысы ретінде 40 млн. теңгені бірлесіп төлеу керек деген шешімімен келіспей, Жоғарғы сотқа шағым түсірген болатын.
Бақылау алқасы келесі құрамда: төрағалық етуші А.А. Қасымов, судьялар Т.Е. Ибрашев және Е.Ж. Исмаилов моральдық зиянның өтемақысы ретіндегі соманы 5 млн.теңгеге дейін төмендету туралы қаулы шығарды. Сол қаулы бойынша Әлихан Әлібек пен Мұқан Қабен жауапкерлер қатарынан шығарылды.
Еске сала кетейік: «Жас Алаш» газетінде 2015 жылы 13 мамырда жарияланған «Академик» отбасымен соттасып жүр» деген мақаланы талапкер өзінің ар-намысына тиді деп санаған. Сол үшін ол «Жас Алаш» газетінің шығуын 6 айға тоқтатып, моральдық зиянның өтемақысы ретінде 400 млн. теңгені төлетіп беруді сұраған. 2015 жылы 13 қарашада Алматы қаласының Алмалы аудандық №2 сотының судьясы А.Бейсеуова: көптеген атақ пен лауазымдардың иесі, инемен емдеуші дәрігер Жасан Зекейұлының «Жас Алаш» газетінің редакциясына және оның бас редакторы Рысбек Сарсенбайұлына, журналист Меруерт Тұрсыбековаға (бүркеншек аты С.Мәди), талапкердің әйелі Гүли Әлиханқызына, оның әкесі Әлихан Әбілбекке және «Жас Алаш» газетінің оқырманы Мұқан Қабенге қойған талабы бойынша шешім шығарған.
Дау тудырған мақала толығымен құқыққорғау және мемлекеттік органдардың құжаттарына, соттардың, тіпті ҚР Жоғарғы сотының шешімдері мен қаулыларына негізделіп жазылған. Талап арызда және сот процесінде – жарияланған мәліметтердің шындыққа сәйкес келмейтіні туралы бірде бір дәлел келтірілмеген. Газет те, өз кезегінде, Жасан Зекейұлының Фейсбукте: бас редактор Рысбек Сәрсенбайұлы және оның екі орынбасары Әмірхан Меңдеке мен Еріка Рахым парақор, кімді болса да қаралауға, жалған ақпарат таратуға дайын деген жазбасы үшін ар-намыстарын қорғап, қарсы талап-арыз берген.
Судья бірақ қарсы талап-арызды қараудан бас тартады, алайда «Академик» отбасымен соттасып жүр» деген мақаланы шындыққа сай келмейді деп тауып, газетке теріске шығаруды жариялап және моральдық зиянның өтемақысы ретінде 40 миллион теңгені бірлесіп төлеу керек деген шешім шығарады. Апелляциялық саты бұл шешімді заңдастырып берді.
Рысбек Сәрсенбайұлы толық жеңіске жетуді алдына мақсат қойып, Бас прокуратураға арыз дайындап жатыр.