Сейітқазы Матаев инсульттың бастапқы жағдайымен ауруханаға түссе де, оны 4 күннен кейін стационардан шығарғалы жатыр
Адвокат Мәдина Бакиеваға сілтеме жасаған ҚазТАГ-тың хабарлауынша, Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев инсульттың бастапқы жағдайымен ауруханаға түскеніне қарамастан, 8 қыркүйекте оны стационардан шығарғалы жатыр.
Дәрігерлер бейсенбі күні «криздің бетін қайтардық, басқа ештеңе айта алмаймыз» деді деп М. Бакиева ҚазТАГ агентсттігіне хабарлады. Бірақ адвокат денсаулық сақтау саласының одан жоғары тұрған сатысына шағымдану мүмкіндігін жоққа шығармайды.
Бұдан бұрын хабарланғандай, 5 қыркүйекте сот отырсы басталар алдында С.Матаевтың қан қысымы 240 пен 141-ге дейін көтеріліп, оны жедел жәрдеммен теміржол ауруханасына алып кеткен. Сол себепті сот отырысы 13 қыркүйекке шегерілген. «С.Матаев инсульттың бастапқы жағдайында болды, томография бас миының қан тамырларының нашарлағанын көрсетті. Ол бір апта бойы емдеуде жатты, бірақ қан қысымы үнемі 210-220 болды да, 190-нан төмен түспеді» - дейді адвокат Андрей Петров. Оның сөзінше, С.Матаевтың қан қысымы бүкіл сот талқылауында 210-220-дан төмен түскен емес.
Қорғау жағы С.Матаевқа емделу курсынан өтуге, медициналық мекемеге барып тұруға мүмкіндік беруді үнемі сұрап келеді, бірақ сот оған негізсіз рұқсат бермей отыр.
«Соттың Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаевқа емделудің толық курсынан өтуге рұқсат бермеуін – азаптау деп бағалауға болады», дейді «Адам құқын қорғау Хартиясының» атқарушы директоры Жеміс Тұрмағамбетова. Ол сондай-ақ С.Матаевтың денсаулығына елеулі зиян келсе, бұл Қазақстанның құқықтық мемлекет ретінде беделіне айтарлықтай нұқсан келтіреді деді.