Тәуелсіз «Трибуна» газетін 15 млн. теңгеге моральдық залал келтірді деп айыптап жатыр
7 шілдеде Алматының Медеу аудандық сотында «Трибуна – Саяси қалам» газеті мен Tribunakz.com интернет-порталының бас редакторы Жанболат Мамайға, басылымның тілшісі Денис Кривошеевке және басылымның меншік иесі «Қалам» ЖК-ге қарсы «Алматыжарнама» ЖШС-ның бас директоры Сұлтанбек Сыздықов өзінің ар-намысы мен іскерлік беделін қорғаймын деп берген талап арызы бойынша алғашқы сот тыңдауы өтті.
Талапкердің айтуынша, оған себеп болғаны – Д. Кривошеевтің «Коррупционер» возглавит «Алматыжарнама»?» атты мақаласы (15.04.2016 ж.) және мақаланың тақырыбы мен ондағы бірнеше үзінді оның ар-намысын қорлап, іскерлік беделіне кір келтіріпті. С. Сыздықов теріске шығаруды және моральдық залалдың орнын толтыру үшін өтемақы ретінде 15 млн теңге төлеуді талап етіп отыр, алайда бұл сома – редакция көтере алмайтын шығынға батарады.
Жанжалды сотқа дейін реттеу сатысында редакция теріске шығаруды жариялаудан бас тартқан, себебі газетке шыққан мақала шындыққа сәйкес келеді деп санайды. Оны дәлелдеу үшін «Трибунаның» журналистері 2014 жылы ақпанда Tengrinews.kz желілік басылымында жарияланған мақалаға сілтеме жасап отыр, онда: «Алматы қаласы қаржы полициясы тергеу басқармасының бастығы Амангелды Иманғалиевтің сөзінше, тергеу барысында Сыздықовтың кінәсі толық дәлелденді. Ол өзінің қызметтік өкілеттігін пайдаланып, Азиада-2011-ге дайындық кезінде мемлекеттік сатып алу ережелерін бұзып, мемлекетке көптеген миллионға зиян келтіргені анықталды. Сұлтанбек Сыздықов келтірілген зиянның орнын толығымен толтырып, 23 млн теңге құйған. Жәбірленуші жақ – туризм, спорт және дене шынықтыру басқармасы – зиянның орны толғандықтан, қылмыстық істі тоқтату туралы хат жолдаған. Тараптардың ымыраға келуіне байланысты іс тоқтатылған, себебі ол бұрын қылмыстық жауапқа тартылмаған, осы жолы орта дәрежедегі қылмысы үшін бірінші рет жауапқа тартылған» - деп Иманғалиев айтып берген».
Келесі сот отырысы 11 шілдеде сағат 14.30-да Алматы қаласы Медеу аудандық сотында өтеді.