Сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры
Международный фонд защиты свободы слова
The International Foundation for Freedom of Speech Protection

«Жас Алаш» газеті журналистерінің шағымы бойынша сот басталды

8 тамыз 2016

5 тамызда Алматының №2 Әуезов аудандық сотында “Жас Алаш” газетінің тілшілері Асылхан Абдраим, Сансызбай Молдажанов және Куаныш Нұрданбекұлының шағымы бойынша бірінші сот тыңдауы өтті. Негіз – 21 мамырда журналистерді қамауға алу.

Өздерінің кәсіби міндеттерін атқарып жүрген журналистерді сол күні Алматы қаласының Әуезов аудандық ІІБ қызметкерлері негізсіз қамауға алып, себебін түсіндірместен учаскеде ертеңгі сағат 10-нан 19-ға дейін ұстаған және оған қоса, олардың құқықтарын түсіндірмеген, адвокат бермеген, керек десеңіз, хаттама да толтырмаған.Журналистер кәсіби қызметпен айналысу құқығы бұзылғаны туралы деректі мойындауды талап етіп отыр. Олардың мүддесін адвокат қорғауда. Жауапкер ретінде Әуезов аудандық ІІБ танылды.

Жауапкер өкілі, яғни Әуезов аудандық ІІБ қызметкері: соттың хабарламасын жақында ғана алғанын, сондықтан дайындалып үлгермегенін айтып, іс материалдарын толық оқып білу үшін процесті кейінге қалдыруды судьядан сұрады. Бұған талапкерлердің өкілі адвокат Гүлнар Жуаспаева наразылық білдіріп, шағым екі ай бұрын берілгендіктен, дайындалуға уақыт жеткілікті болғанын ескертті.

Судья Сара Бекбосынова сот процесін 16 тамыздың сағат 15-ке шегерді.

Еске сала кетейік, «Әділ сөз» қорының дерегі бойынша 2016 жылдың 21 мамырында себебін түсіндірместен 57 журналист ұсталған болатын. Олардың біразын ҚР Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаевтың іске араласуынан кейін босатқан еді. Алайда ҚР ІІМ: «2016 жылы 21 мамырда рұқсат етілмеген митингтер де, полициямен жанжал да болған жоқ» деп мәлімдеген. Полиция БАҚ өкілдерін ұстаған оқиғаны «түсінбестік» деп атады.   


Өз сұрағыңызды қойыңыз