«Отырар» телеарнасының операторы күзетшіден таяқ жеді
5 тамызда «Отырар» телеарнасының түсіру тобы Шымкенттегі психоневрологиялық диспансердің аумағында орын алған өртті түсіруге барады. Журналист Бахром Абдуллаев пен телеоператор Бахтияр Ташпулатов төтенше оқиға орын алған жерге келе салысымен, мекеме күзетшілері түсірілімге барынша кедергі жасай бастайды. Олар тіпті бейнематериал жазбасын жойып жіберуге тырысқан, алайда камераны тартып ала алмаған соң, күзетші – Бахтияр Ташпулатовқа жұдырық ала жүгіріп, бетінен ұрып жібереді. Одан кейін күзет қызметі журналистерді мекеме аумағынан дөрекі түрде қуып шығады. Қақтығыс кезінде бейнекамераның микрофоны зақымдалады. Бахтияр дене жарақатын алғаны туралы полицияға арыз жазғалы отыр. Ол сондай-ақ, сотқа шағымданып, моральдық залалдың орнын толтыруды және редакцияның техникасын қалпына келтіріп беруді талап ету мүмкіндігін де жоққа шығармайды.