Мұсағали Дуамбековтың үкімі қатаңдатылуы мүмкін
Өзі туған 5 мамыр күні азаматтық белсенді, «Халықтық жемқорлыққа қарсы комитетінің» төрағасы Мұсағали Дуамбеков Астана қаласының Алмалы аудандық сотына шақырылды. Онда судья А. Рамазанованың төрағалығымен М.Дуамбековтың үкімді орындау шарттарын бұзғаны жөнінде айыптау ісінің алдын ала тыңдаулары өтті.
Естеріңізге сала кетейік, осыдан бір жыл бұрын, 2014 жылдың 13 мамырында Мұсағали Дуамбеков тура осы судья А. Рамазанованың үкімі бойынша жала жапты деген айыппен бір жыл бас бостандығын шектеуге кесілген. Айыптауға сылтау болған М.Дуамбековтың INSIDERMAN сайтында басылған екі мақаласы. Онда автор кішігірім зауыттың иелері мен олардың қызметкері Әлібек Ысқақовтың арасында орын алған кикілжің туралы әңгімелеп берген. Мақалалар басылмас бұрын М.Дуамбеков азаматтық сотта А.Ысқақовтың мүдделерін қорғап, екі сот процессінде жеңген болатын. Осы сот істерінің нәтижесінде, сонымен қатар А.Ысқақовтың дәлелдерін келтіре отырып, М. Дуамбеков осы мақалаларды жазып берген.
М.Дуамбековтың айтуынша, осы жолы үкімді орындау шарттарын бұзғаны жөніндегі айыптау - оның Қызылордаға мәйітті жерлеу рәсіміне барғаны сылтау болып тұр. Ал, барып келуге қалдырған арызы қылмыстық-орындау жүйесінің жергілікті құрылымдарының мұрағаттарында жоғалып кеткен болуы керек. Одан басқа, қадағалау органның департаментінде ол 16 және 18 наурызында болған соң, 20 наурыз күні келмеген. Бірден, Наурыз мерекелері аяқталған соң, 25 күні көрінген. Осындай «өзімшілдік» үшін сот үкімнің мерзімін ұзартуы немесе тіпті қатаңдатуы мүмкін.