ADAM bol журналын қорғау акциясы ұсталудан басталды
24 қаңтардажабылған ADAM bol журналының редакциясы Алматының Республика алаңында «Оқырманмен кездесу» акциясын өткізді.
Шара негізгі бастамашыларсыз өтті. Басылымның шеф редакторы Аян Шәріпбаев пен журналист Мирас Нұрмұхамбетов оқырмандармен кездесуге бара жатқан кезде, үйлері алдында ұсталды. Бас редактор Гүлжан Ерғалиева мен журналист Диларам Аркинды полицейлер редакцияның кеңсесінен алып кетті.
Естеріңізге салайық, кеңседе Ерғалиева ханым 19 қаңтардан бастап қарсылық ретінде мерзімсіз аштық ұстауда. Тең құқықты журналистер Федерациясының төрайымы Розлана Таукинаны полицейлер өз үйінен алып кеткен. Барлығы Бостандық және Медеу аудандарының ІІБ жеткізілді. Ұсталғандардан түсініктеме алып, 2 сағаттан кейін босатқан.
Осы уақытта Республика алаңына ADAM bol журналының оқырмандары мен жақтастары жиылған. Сөз бостандығын қорғау тұрғысында «Жас Алаш» газетінің бас редакторы Рыспек Сәрсенбайұлы, құқыққорғаушы Маржан Аспандиярова, «Журналисты в беде» қоры басқармашылығының төрағасы Рамазан Есергепов және құқыққорғаушы Ерлан Қалиевтер пікірлерін білдірді.
Кездесуге қатысушылардың сөздерін Бостандық ауданының прокуроры Бауыржан Жұмақанов тоқтатпақ болды. Оның «ескертуіне» жұрт бір кісідей «ADAM bol – қорған бол» деді.