Журналист Андрей Цуканов ұсталып, соққыға жығылып, қорлануда
8 шілде 2014
8 шілде 2014 жыл
7 шілденің кешкісінде 16/12 видео-порталының тілшісі Андрей Цуканов ұсталынып, Алматы қаласы Алмалы ауданының ІІБ жеткізілді. Өзінің айтуынша, полицейлер оның кәсіби қызметіне кедергі келтіріп, ұрып, бейнекамерасын тартып алған.
Андрей Цукановтың сөзіне қарағанда, ол Абылай хан даңғылы мен Төле би көшесінің қиылысында тәуліктеп жалға үй тапсыратын әйелдерді полицияның қуалағаны туралы репортаж түсіріп жүрген. Сол кезде полицейлер Андрейдің камерасын зақымдап, лейтенант шеніндегі бір қызметкер оны тұншықтырған.
— Жолаушылар полицейлердің әйелдерге қатыгездік танытып, маған шабуыл жасағанын көрді. Қасымыздан жас жұп өтіп бара жатты, жас жігіт орын алған жағдайды қалтателефонына түсіре бастағаны сол еді, оны полицейлер саябаққа сүйреп апарып, соққының астына алды, - дейді Андрей Цуканов.
Әйелдермен бірге Цукановты Алмалы аудандық ІІБ жеткізіп, Андрейдің айтуынша, алдында аталған лейтенант бетіне түкіріп, шапалақтап, сөзбен қорлап, полицияға қарсылық көрсеткені үшін отырғызылатынын айтып, қорқытқан.
— Мені тінтіп, флешканы іздеді. Ақыры бейнекамерадан бүкіл уақиғаны түсірген файлдарды өшіріп тастады. Сосын босатып жіберді. Камера, жеке куәлігім мен журналистік пресс-картамды, кейін менен жауап алатынын айтып, өздеріне қалдырды. Жауапқа шақыратын уақытын белгілемеді, - деп хабарлайды Андрей Цуканов.
Ол соққы іздерін айқындап, Алмалы ІІБ қызметкерлерінің әрекеттеріне Алматы қаласының прокуратурасы және ІІД Өзіндік қауіпсіздігі басқармасына арыз бермек.