Теміртау қаласының екі телеарнасы өз жұмысын тоқтатуы мүмкін
27 ақпан 2014
- 27 ақпан 2014 жыл
- Теміртаудың қалалық соты «43 канал» және «ТКТ» телеарналарының құрал-жабдықтарының жұмыс жасауына берілетін рұқсат құжаттарын қайтарып алу туралы шешім шығарды. Сот дауы бірнеше жылдан бері жалғасуда. Жағдайдың бұлай өрбуіне телеаналардың хабар таратуға арналған бүкіл қажетті құрал-жабдықтары мен кеңселері орналасқан онқабатты үй тұрғындарының арыздануы себеп болған. Тұрғындар технологиялық шуыл және антенна мен таратқыштардың электромагнитті сәуле шығаруы мазалайтынын айтқан. Теміртау қалалық соты, тұрғындар жағына шығып, телехабарларды тарату техникалық құралдарын пайдалануға тыйым салатын шешім шығарды. Соттың шешімі былтырғы жылдың желтоқсанында заңды күшіне енді.
- Алайда телеарналар өз жұмысын жалғастыра беруіне байланысты сот орындаушылары Теміртау қалалық сотының шешімін жүзеге асыруға кірісті. Жағдайды Қарағанды облыстық байланыс және информатизация инспекциясы бөлімінің жетекшісі Мүслім Оспанов осылай баяндайды.
- Техникалық және санитарлық нормаларды бұзды деген сылтаумен электронды БАҚтарды жабу бірінші рет емес екенін ерекше атаймыз. 2011 жылдың қыркүйегінде Мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты Алмалы ауданы санэпидстанциясының талабы бойынша «Стан Продакшн» ЖШС (Stan.kz видеопорталын шығарушы ) студиясының жұмысын және қабылдау-тарату құралын тоқтата тұру туралы шешім шығарған.
- Ұлттық телерадиохабарларды таратушы ассоциациясының атқарушы директоры Шолпан Жақсыбаеваның айтуынша, «10-20 жылдан жұмысын атқарып келе жатқан телеарналарды жайдан жай жаппайды ғой. Көбіне арнаның саясаты жергілікті билікке ұнамаса, чиновниктердің атына сыни материалдар шығарылса, нақты себеп сол болады. Бұл жағдайда көптеген жылдар рұқсат құжаттардың негізінде жұмыс жасап, ешкімге кедергі келтірмеген құралға аяқ асты наразылық білдіре бастайды. Жергілікті телеарналардың жабылуы нәтижесінде жергілікті ақпарат көзінен айырылып жапа шегетін көрермен. Ортаұлттық телеарналар көбіне екі бас қаланың жаңалықтарын көрсетеді. Ал аймақтардың өмірімен олардың ісі жоқ».