Назира Дәрімбет: «Журналисті кәсібінен айыру халықаралық стандарттарға сәйкес келмейді»

«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының президенті Назира Дәрімбет журналистерді «кәсіби қызметіне тыйым салу» арқылы жазалау тәжірибесінің жиілеп кетуіне байланысты «Жас Алаш» газетіне пікір білдірді. Еске сала кетейік, соңғы уақытта мұндай тыйым журналистер Әмір Қасеновке, Әсет Матаевқа және Александра Алёховаға салынды.
Назира Дәрімбет: «Журналистің кәсіби қызметімен айналысуына тыйым салу Конституциямен және Қазақстанның халықаралық міндеттемелерімен кепілдендірілген сөз бостандығына қайшы. Мен бұны әр адамның еңбек ету құқығының тапталуы деп есептеймін. Журналистің кәсіби қызметімен айналысуына тыйым салу – тек жеке тұлғаны жазалау емес, бұл кәсіпке салынған тыйым. Сөз бостандығының негізгі қағидаттарына мүлдем сәйкес келмейді. Жаза азаматтың заңды кәсіппен айналысып, өмір сүру үшін нан табу құқығын шектемеуі тиіс. Мұндай сот үкімдерін сөз бостандығын шектеу мен журналистерге жасалып жатқан қысым деп бағалауға болады», – деді.



