Сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры
Международный фонд защиты свободы слова
The International Foundation for Freedom of Speech Protection

Назира Дәрімбет: «БАҚ-тың өзін-өзі реттеуі цензураға айналмауға тиіс»

10 қазан 2026

«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының президенті Назира Дәрімбет Бішкекте өткен ЕҚЫҰ-ның жыл сайынғы Орталық Азиядағы медиа конференциясында* сөз сөйледі. Медиаэтика мен өзін-өзі реттеу мәселелеріне тоқталған ол: бұл тетіктер ерікті әрі мемлекеттен тәуелсіз жүзеге асырылғанда ғана журналистиканы нығайтады, деді.

Конференцияны Қырғызстанның сыртқы істер министрі Жээнбек Кулубаев, ЕҚЫҰ-ның БАҚ бостандығы мәселелері жөніндегі өкілі Ян Браату, Қырғызстанның мәдениет, ақпарат және жастар саясаты министрі Мирбек Мамбеталиев және ЕҚЫҰ-ның Бішкектегі Бағдарламалар офисінің басшысы Фолькер Фробарт ашты. Екі күн бойы қатысушылар ірі цифрлық платформалар мен жасанды интеллектінің журналистикаға ықпалын, ақпараттың тұтастығын, цифрлық қауіпсіздік пен журналистердің қауіпсіздігін, кәсіби білім беруді және редакцияда ЖИ қолдану ережелерін талқылады.

Назира Дәрімбет «Сенімге лайық ақпараттық кеңістікті қалыптастыру» атты бірінші сессияда сөз сөйледі. Панельдік пікірталас медиаэтика мен өзін-өзі реттеу мәселелеріне арналды. Қатысушылар әр елде қандай модельдер тиімді жұмыс істейтінін, өзін-өзі реттеу тетіктері қоғамның журналистикаға деген сенімін арттыра ала ма және кәсіби есептілік пен сыртқы бақылаудың арасы қай жерден ажыратылатынын талқылады.

«Әділ сөз» қорының президентімен бірге пікірталасқа Indigo Magazine басшысы, Грузияның Журналистік этика хартиясының бұрынғы атқарушы директоры Ната Дзвелишвили, Моңғолия Медиа кеңесінің өкілі Сувданцэцэг Цагаанбаатар және Қырғызстанның БАҚ-қа қатысты шағымдарды қарау жөніндегі комиссиясының төрайымы Тамара Валиева қатысты. Пікірталасты ЕҚЫҰ-ның БАҚ бостандығы мәселелері жөніндегі өкілінің кеңсесіндегі бас кеңесші Барбара Трионфи жүргізді.

Пікірталастың негізгі мәселелерінің бірі – өзін-өзі реттеу, журналистік этика және БАҚ бостандығының арақатынасы болды. Атап айтқанда, өзін-өзі реттеу жүйесінің дамуы журналистика еркіндігін кеңейте ме, әлде белгілі бір жағдайда оның шектелуіне себеп болуы мүмкін бе деген мәселе талқыланды.

Назира Дәрімбет өзін-өзі реттеу мен кәсіби этика ең алдымен журналистердің өзіне қажет екеніне тоқталды. Бұл жұмыс сапасын сақтауға және аудиторияның сенімін арттыруға көмектеседі. Алайда оның айтуынша, бүгінде Қазақстандағы тәуелсіз журналистиканың басты мәселесі этикалық нормалардың жеткіліксіздігінде емес.

Назира Дәрімбет: «Қазақстандағы сөз бостандығына төнетін басты қауіп - журналистердің немесе БАҚ-тың этикаға сай әрекет етпеуі емес, мемлекет тарапынан үнемі қысым жасалуы, шенеуніктер мен депутаттардың қысымы және ақпараттық кеңістігімізді жаппай реттеуге ұмтылу», - деді.

Оның айтуынша, Қазақстандағы тәуелсіз журналистер көптеген реттеуші норма мен мемлекеттік органдардың жіті бақылауында жұмыс істейтіндіктен, заң талаптары мен кәсіби стандарттарды барынша мұқият сақтауға мәжбүр. Қор президенті негізгі проблемалардың қатарында мемлекеттің шамадан тыс бақылауын, БАҚ-қа жүйелі қысым көрсетілуін және ақпаратқа қол жетімділікті шектеуді атады.

«Әділ сөз» президентінің пікірінше, журналистер қауымдастығы медиаэтика тетіктерін өз бетінше дамыта алады. Қоғамдық және кәсіби бақылаудың орнын әкімшілік қадағалау басып, мемлекет журналистік этика тұрғысынан ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін өзі айқындай бастағанда қауіп туындайды.

Мұндай жағдайда этикалық нормалар журналистика сапасын арттыру үшін емес, редакцияларға ықпал ету құралы ретінде қолданылуы мүмкін. Соның ішінде журналистерді аккредитациядан айыру және ақпараттық ресурстарды бұғаттау арқылы қысым жасалуы ықтимал.

Назира Дәрімбет: «Өзін-өзі реттеу мәнін жоғалтпауы үшін үш қағида сақталуы қажет: еріктілік, биліктен тәуелсіздік және жазалауға емес, кәсіби стандарттарды қорғауға бағдарлану», деді.

«Әділ сөз» қорының президенті: «Медиаэтика жөніндегі органның мақсаты - дауларды қарастырып, жұмыс сапасын арттыру, журналистердің аузын жабу емес. Өзін-өзі реттеу сөз бостандығын тек төменнен жоғары қарай құрылғанда ғана қорғайды. Ал жоғарыдан төмен қарай жүргізілсе, ол цензураға айналуы мүмкін», - деп мәлімдеді.

Ал Барбара Трионфи де журналистік этика нормаларын айқындауда кәсіби қауымдастықтың өзі шешуші рөл атқаруға тиіс екенін айтты. Оның пікірінше, этикалық нормалардың қандай болатынын мемлекет айқындай бастаса, медиаэтика мемлекеттік цензура құралына айналу қаупі бар.

Пікірталас барысында жаңа технологияларға байланысты қауіп-қатер де сөз болды. Назира Дәрімбет Қазақстан редакцияларының жасанды интеллект құралдарын белсенді меңгеріп, солардың көмегімен жасалған контентті біртіндеп таңбалап жатқанын айтты. Сонымен қатар жаңа технологиялар журналистерге қарсы да қолданылып отыр. Атап айтқанда, алаяқтық жасау және журналистердің беделіне нұқсан келтіру мақсатында жалған аккаунттар, фейк видеожазбалар мен БАҚ өкілдерінің атынан жарияланатын жалған жазбалар жасалады.

«Әділ сөз» ұйымының президенті мемлекеттің мұндай жағдайларға реакциясына да назар аударды. Оның айтуынша, журналистер жалған ресурстар мен өзге де цифрлық қысымға байланысты полицияға жүгінеді. Алайда тергеу жұмыстары әрдайым оған қатысы бар адамдарды анықтауға мүмкіндік бермейді. Ал тәуелсіз журналистердің материалдарына қатысты шағымдар туындағанда, мемлекеттік органдардың әрекеті әлдеқайда жылдам болуы мүмкін.

Қысымның салдары туралы айта келе, Назира Дәрімбет өзін-өзі цензуралауды негізгі қауіптердің бірі ретінде атады.

Ол: «Өкінішке қарай, қорқыныш цензураға әкеледі. Қазір біз мұны да көріп отырмыз», -деді. «Әділ сөз» ұйымының басшысы Қазақстан мен көршілес елдердің журналистерін қысымға байланысты кәсіби қызметінен бас тартпауға шақырды.

Конференцияның басқа сессияларында Қазақстан атынан Құқықтық медиа-орталықтың тең құрылтайшысы Гүлмира Біржанова, орталық директоры Диана Окремова, Internews медиа заңгері Ольга Диденко, SDU University оқытушысы Асхат Еркімбай және басқа да сарапшылар қатысты.

*ЕҚЫҰ-ның Орталық Азиядағы медиа конференциясы - ЕҚЫҰ-ның БАҚ бостандығы мәселелері жөніндегі өкілі өңірдегі ұйымның далалық операцияларымен бірлесіп ұйымдастыратын жыл сайынғы өңірлік іс-шара. Конференция әртүрлі елдерде өткізіліп, БАҚ бостандығы мен журналистиканы дамыту мәселелерін талқылау үшін журналистерді, азаматтық қоғам, академиялық орта және мемлекеттік орган өкілдерін, сондай-ақ халықаралық сарапшылардың басын қосады.

Өз сұрағыңызды қойыңыз