Сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры
Международный фонд защиты свободы слова
The International Foundation for Freedom of Speech Protection

2023 жылғы 19 наурыз сайлау күні журналист құқығының сақталуын бақылау

6 сәуір 2023

2023 жылғы 19 наурыз Қазақстан Республикасы Мәжілісі мен мәслихатының кезектен тыс сайлауында дауыс беру күні «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры журналист құқығының сақталуына арнайы мониторинг жүргізді. Құқықтық кеңес беретін шұғыл желі жұмыс істеді.

Журналистің құқығын бұзу немесе шектеу әрекеті бойынша барлығы 9 факті тіркелді. Ең жиі орын алған заң бұзушылықтардың бірі – учаскелік сайлау комиссиясы төрағаларының немесе мүшелерінің журналистке фото немесе видео түсіруіне шектеу қою әрекеті. Шымкентте N233 сайлау учаскесінің төрайымы Гүлжан Жақашева журналистке дауыс беру барысын тек байқаушыларға арналған орыннан түсіруді талап етті. Атырау қаласындағы N39 учаскелік комиссияның төрағасы Бауыржан Қартан өзін видеоға түсірмеуді сұрады.

БАҚ өкілдерінің сайлау учаскесіндегі орын мәселесі заңмен реттелмеген, бірақ «Сайлау туралы» заңда сайлау комиссиясы белгілеген ережелерді қатаң сақтау көзделген. Алайда, сайлау комиссиясы мүшелері мен төрағасы журналистің кедергісіз хабар таратуы халықтың сайлау нәтижелеріне сенімін арттыруға ықпал ететінін түсінуі керек. Сайлау комиссиясы мүшелерін немесе төрағасын суретке немесе видеоға түсіруге қатысты бейнеленетін адамның көпшілік іс-шараларға (сайлауға да қатысты) қатысуына байланысты олардың келісімі талап етілмейді.

«Әділ сөз» мониторингтік тобы сайлау комиссияcы мүшелерінің немесе төрағасының заңды дұрыс түсінбеуіне немесе заңды білмеуіне байланысты журналистің жұмысын шектеу жағдайларына назар аударады. Мысалы, Астана қаласының N2 сайлау учаскесі бойынша дауыс берген сайлаушылар саны туралы ақпаратты бермеуі, Қостанай облысы Жітіқара ауданы бойынша округтік сайлау комиссиясы (АСК) мүшесінің дауыс беру қорытындысы туралы ақпарат беруден бас тартуы сайлау комиссиясы мүшелерінің «Сайлау туралы», «БАҚ туралы», «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заңдарды білмеуінің мысалдары болып табылады.

Сондай-ақ «Әділ сөз» мониторингтік тобы Қостанай қаласындағы N21 сайлау учаскесінде дауыс беру қорытындысы туралы мөр басылған хаттаманы журналистке бермеу фактісін тіркеді. Бұл «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның талаптарын елеулі түрде бұзу болып табылады.  Дауысты санау кезінде қатысқан байқаушылармен бірге журналист мөр басылған хаттаманың көшірмесін алуға толық құқылы.

Қорытындылар мен ұсыныстар:

«Әділ сөз» Қазақстан Республикасындағы сайлау күні журналист құқығының сақталуы жүйелі түрде жақсарғанын, 2019 жылғы сайлаудан кейін сөз бостандығын бұзу жағдайларының азайғанын атап өтеді. 2023 жылғы сайлауда тіркелген журналист құқығының бұзылуы жүйелі емес, бірақ журналистермен өзара жұмыс тұрғысынан сайлау комиссиясы мүшелерін дайындау сапасын арттыруды талап етеді. 
«Әділ сөз» Орталық сайлау комиссиясын сайлау комиссиясы мүшелерін оқыту тәсілдерін қайта қарауға, сондай-ақ БАҚ-пен жұмыс істеуде барынша ашықтық танытуға шақырады. Орталық сайлау комиссиясының брифингтерде сұрақ-жауап отырысын өткізуден бас тартуы халықтың сайлау нәтижелеріне сеніміне селкеу түсіреді, сондай-ақ елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформалардың қағидаларына қайшы келеді.
 

Өз сұрағыңызды қойыңыз