Сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры
Международный фонд защиты свободы слова
The International Foundation for Freedom of Speech Protection

Лұқпан Ахмедьяровтың жағдайына қатысты «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының мәлімдемесі

11 сәуір 2025

Астана қаласы Полиция департаментінің хабарлауынша, жәбірленушілердің арызы негізінде ҚР ҚК 274-бабы – «Көрінеу жалған ақпарат тарату» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, оның шеңберінде 2025 жылғы 10 сәуірде «Просто журналистика» Youtube арнасының авторы Лұқпан Ахмедьяров ұсталды. Лұқпан бұл іске қорғануға құқығы бар куәгер ретінде тартылды. Журналистің айтуынша, тергеуге әлеуметтік желіде қазақстандықтарды шетелдік қарулы қақтығыстарға қатысуға мәжбүрлеп тартудың ықтимал қауіпі туралы, құрбан болғандардың бірінің туысынан алынған ақпарат негізінде дайындалған жазба түрткі болған.

ҚР Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 180-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық белгілері болған жағдайда қылмыстық іс қозғалады. Сонымен қатар, ҚР ҚК 274-бабы (Көрінеу жалған ақпарат тарату) тек таратылған ақпараттың жалған белгісін ғана емес, сонымен бірге көрінеулігі (яғни жалған екенін біле тұра тарату) белгісін де қамтиды. Бұл дегеніміз – қылмыстық істі қозғау туралы шешім қабылдайтын құқық қорғау органының лауазымды тұлғасы қолда бар құжаттар мен ақпаратты талдай отырып, осы белгіні анықтауға міндетті.

Егер таратылған ақпараттың, келіп түскен арыздың және т.б. мазмұнынан жалған ақпарат көрінеу, яғни ақпаратты таратқан адам оның жалған екеніне толық сенімді болған кезде, бірақ соған қарамастан оны қандай да бір заңсыз уәждерге сүйене отырып таратқан кезде көрінеу жалған ақпараттың таратылғаны тікелей шығатын болса, мұндай жағдайда ҚР ҚК 274-бабының негізінде іс қозғалады. Егер ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабы бойынша қозғалған қылмыстық істі тергеу барысында көрінеу белгісінің жоқтығы анықталса, іс ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 35-бабының негізінде (оқиғаның немесе қылмыстық құқық бұзушылық белгілерінің болмауына байланысты) қысқартылуға жатады.

Лұқпан Ахмедьяров пен оның адвокаты тергеу органдарына журналистке жағдай туралы хабарлаған адаммен арада жазылған хаттарды ұсынды, бұл арна авторының қасақана әрекеті туралы айғақтардың жоқтығын растайды.

«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры «Заң және тәртіп» қағидатын негізге ала отырып, процеске қатысушылардың барлығын заңды қатаң сақтауға шақырады. ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабы бойынша қозғалған қылмыстық істің барлық мән-жайы толық зерделенгеннен кейін жабылады деп сенеміз. Біз жағдайды бақылауда ұстаймыз.

Өз сұрағыңызды қойыңыз