Сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры
Международный фонд защиты свободы слова
The International Foundation for Freedom of Speech Protection

Құқықтық медиа-орталықтың заңгері Гүлмира Біржанованың Facebook-аккаунты бұғатталды

18 тамыз 2026

«Құқықтық медиа-орталық» қоғамдық қорының Media Qoldau құқықтық қызметінің жетекшісі Гүлмира Біржанованың  Facebook-аккаунты бұғатталды. Meta-ға шағымданғанымен, компания әзірге  бұғат себебін түсіндірмеген. Бұл туралы Азаттық радиосының Telegram-арнасы жазды. 

Естеріңізде болса, бұдан бірнеше күн бұрын Құқықтық медиа-орталықтың директоры Диана Окремованың да Facebook аккаунты бұғатталды. Ол кезде платформа бұғатқа «үшінші тараптың авторлық құқығын бұзу» туралы шағымы және зияткерлік меншікке қатысты пайдаланушы келісімі бұзылғаны негіз болды деді.

Алайда Окремова аккаунтының Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарсы сот процесі туралы жазба жарияланғаннан кейін бұғатталғанын жазды.

Сол уақытта «Әділ Сөз» қоры жағдайға назар аударып, бұғатты тоқтатуға шақырған.

Бұған дейін ұйымның Facebook, Instagram парақшалары мен YouTube-арнасы да бұғатқа түскен.

Белсенділер Асхат Әбішев пен Виталий Шевченконың жеке аккаунттары бұғатқа түсті. Айтуларынша, Facebook-тегі парақшалары үшінші тарап қолданушысының шағымынан кейін, «авторлық құқықты бұзды» деген сылтаумен бұғатталған. Алайда бұл профильдер коммерциялық емес, жеке аккаунттар.Аккаунты 180 күнге бұғатталған Виталий Шевченконың Meta қолдау қызметіне жолдаған шағымы әзірге жауапсыз.

Белсенді аккаунтының бұғатталуын өзінің қоғамдық азаматтық ұстанымымен, құқық қорғау органдарының жұмысына қатысты жазбаларымен және сайлау алдындағы үгіт-насихатпен байланыстырады.

Қоғамдық ұйым өкілдері бұл сайлау қарсаңында медиақауымдастық мүшелеріне бағытталған қысым болуы мүмкін екенін жоққа шығармаған.

17 тамызда тәуелсіз журналистерге қысымның күшейгеніне алаңдаған  халықаралық ұйымдар «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры, Araminta, Civil Rights Defenders, Журналистерді қорғау комитеті (CPJ), Crude Accountability, Freedom For Eurasia, International Partnership for Human Rights, Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстандық халықаралық бюро және Норвегияның Хельсинки комитеті үндеу жолдап: «Қазақстан билігін тәуелсіз журналистерге қысым жасауды тоқтатуға» шақырды.

 

Өз сұрағыңызды қойыңыз