Сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры
Международный фонд защиты свободы слова
The International Foundation for Freedom of Speech Protection

Қазақстанда заңдар қудалау құралына айналып барады

14 қазан 2026

13 қазанда Варшавада өткен ЕҚЫҰ конференциясында «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының президенті Назира Дәрімбет сөз сөйлеп, Қазақстандағы журналистерді қылмыстық қудалау мәселесін көтерді.

Ол жалған ақпаратпен күресуге бағытталған заңнама тәуелсіз БАҚ-қа қысым жасау немесе қоғамның ақпарат алу құқығын шектеу құралына айналмауы тиіс, деді.

Іс-шара ЕҚЫҰ-ның Варшавада өткен адам өлшемі жөніндегі конференциясы аясында ұйымдастырылған «БАҚ бостандығы – ақпараттық тұтастық пен қоғамдық сенімнің негізі» атты дөңгелек үстел аясында өтті. Оны ұйымдастыруға ЕҚЫҰ-ның БАҚ бостандығы мәселелері жөніндегі өкілінің кеңсесі қатысты.

Қатысушылар тәуелсіз журналистиканың қоғамға дезинформацияға қарсы тұруға қалай көмектесетінін және жалған ақпаратпен күресу сөз бостандығын шектемеуі үшін қандай шаралар қажет екенін талқылады.

Назира Дәрімбет: «Қазақстанда дезинформациямен күрес тәуелсіз журналистер мен БАҚ-ты қудалау құралына айналды. Заң іс жүзінде қоғамды жалған ақпараттан қорғау құралы болудың орнына тәуелсіз және зерттеу журналистикасына қысым көрсетудің елеулі тетігіне айналып отыр», – деп мәлімдеді.

Ол мысал ретінде ҚазТАГ агенттігіне қатысты сот үкімін, журналист Ботагөз Омарованың ісін, сондай-ақ Гүлнәр Бажкеноваға, Александра Алёховаға және Азамат Омаровқа қатысты істерді атады.

Баяндамашы журналистерге кәсіби қызметпен айналысуға тыйым салу түрінде қосымша жаза тағайындау тәжірибесіне де ерекше назар аударды. «Әділ сөз» қорының президенті ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабын қылмыстық сипаттан арылтып, ақпараттық дауларды азаматтық-құқықтық тәртіппен қарау қажеттігін айтты.

«Әділ сөз» ұйымының басшысы: «Дезинформациядан қорғаудың ең тиімді жолы – жаңа тыйымдар мен цензура емес, қуатты, қорғалған әрі тәуелсіз журналистика. Азаматтар еркін БАҚ-қа сенген кезде манипуляцияның ықпалы әлсірейді», – деді.

Дөңгелек үстелге Грузия, Сербия және Өзбекстанның медиа қауымдастықтарының өкілдері де қатысты.

Конференцияның басқа да іс-шараларында Қазақстандағы адам құқықтарының жағдайы талқыланды. 9 қазанда қазақстандық құқық қорғау ұйымдары «Бүгінгі Қазақстандағы адам құқықтары: реформалар мен жаңа шектеулер арасында» атты пікірталас өткізді. Онда сөз бостандығы, БАҚ тәуелсіздігі, цифрлық орта және азаматтық қоғамның қызметі мәселелері қаралды.

Сол күні Freedom for Eurasia ұйымы шетелде жүрген Қазақстан сыншыларын қудалау мәселесіне арналған талқылау өткізді. Оған қазақстандық журналистер Наталья Садыкова мен «Республика» медиа ресурсының бас редакторы Ирина Петрушова қатысты. Олар Айдос Садыковтың өлтірілуі және Наталья Садыковаға қарсы сот ісі туралы пікір білдірді.

Жыл сайынғы ЕҚЫҰ-ның адам өлшемі жөніндегі конференциясы Варшавада 2026 жылғы 5–15 қазан аралығында өтеді. ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың және азаматтық қоғам өкілдері адам құқықтары, заң үстемдігі, демократиялық институттар мен негізгі бостандықтар саласындағы міндеттемелердің орындалуын талқылайды.

 

Өз сұрағыңызды қойыңыз