Сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры
Международный фонд защиты свободы слова
The International Foundation for Freedom of Speech Protection

Кейінге шегеру арқылы 8 жылға бас бостандығынан айыру: «Әділ сөз» қоры Orda.kz-тің бұрынғы бас редакторына Бажкеноваға шығарылған үкімді тым қатаң жаза деп мәлімдеді

18 тамыз 2026

Бүгін Алматы қаласы Бостандық ауданының №2 соты Orda.kz-тің бұрынғы басшысы Гүлнәр Бажкеноваға үкім шығарды. Сот журналисті сегіз жылға бас бостандығынан айырып, жазаны өтеуді екі жылға кейінге шегеріп, бес жыл бойы журналистік кәсіппен айналысуына тыйым салды.

Еске салайық, Бажкеноваға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің үш бабы бойынша айып тағылған:

1. ҚР ҚК 214-бабы 2-бөлігінің 2-тармағы — аса ірі мөлшерде табыс табуды көздеген заңсыз кәсіпкерлік;

2. ҚР ҚК 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы — ұйымдасқан топ құру арқылы аса ірі көлемде бөтеннің мүлкін иемдену немесе талан-таражға салу;

3. ҚР ҚК 274-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы — бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникация желілерін пайдалана отырып, көрінеу жалған ақпарат тарату; (Бажкеноваға қатысты 8 жеке эпизод бойынша айып тағылды).

Қылмыстық іс бойынша барлығы 11 адам мен ұйым жәбірленуші деп танылды. Олардың арасында «OrdaMedia.kz» ЖШС-нің құрылтайшысы әрі директоры Мақсат Ганиев, «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ және «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ ұлттық компанияларының өкілдері, Алматы қаласы прокурорының бұрынғы орынбасары Нұрлан Ауғанбаев, сондай-ақ бірқатар кәсіпкерлер мен жеке тұлғалар бар. Азаматтық талап-арызбен келтірілді деп танылған мүліктік залалдың жалпы сомасы 100 миллион теңгеден асты.

Сот 14 тамызда прокурордың Бажкеноваға сұраған жазасын тағайындады. Тағылған айыптардың жиынтығы бойынша сегіз жыл бас бостандығынан айырып және бес жыл бойы кәсіби қызметпен айналысуға тыйым салынды.

«Әділ сөз» қорының президенті Назира Дәрімбет: «Біз Гүлнәр Бажкеноваға шығарылған үкімге алаңдаймыз. Бұл өте қатаң жаза. Екі жылға кейінге шегерілгеніне қарамастан, сегіз жылға бас бостандығынан айыру, бес жылға кәсіби және қоғамдық қызметпен айналысуға тыйым салу — Қазақстанның бүкіл медиа нарығы үшін аса қауіпті прецедент. «Әділ сөз» қоры жоғары тұрған сот инстанцияларын үкімді қайта қарауға шақырады», - деді ол.

Өз сұрағыңызды қойыңыз