Сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры
Международный фонд защиты свободы слова
The International Foundation for Freedom of Speech Protection

«Ешқандай қоңырау шалынған жоқ»: ІІМ Каспийдегі қайғылы оқиға туралы жазбаларға байланысты қазақстандықтарға қысым көрсетілгенін жоққа шығарды

1 қазан 2026

Қазақстан ІІМ қызметкерлері әлеуметтік желі қолданушыларына Каспийдегі әскери қызметшілердің қаза табуына қатысты жазбаларды өшіруді талап етіп, қоңырау шалмағанын мәлімдеді. Бұған дейін кейбір қазақстандықтар осындай қоңыраулар болғанын айтқан еді. Солардың бірі - Темірлан (@timporello) өзін полиция қызметкері ретінде таныстырған адаммен болған әңгіменің аудиожазбасын жариялаған болатын.

30 қыркүйекте Құрылтайдағы брифингте Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтен Threads қолданушыларының қайғылы оқиғаға қатысты жазбаларынан кейін өздеріне құқық қорғау орган өкілдері хабарласқанын айтқан жазбалар туралы сұрады.

Әділов: «Сіз айтқан ақпараттың ешқайсысын растамаймын. Полиция қызметкерлері ешқандай қоңырау шалмаған», - деді.

Бірнеше күн бұрын Темірлан есімді Threads қолданушысы Қорғаныс министрлігі мен Әскери-теңіз күштерінің басшылығын сынаған жазбасын жариялағаннан кейін оған өзін Алматы полиция департаментінің қызметкері ретінде таныстырған адам қоңырау шалғанын хабарлаған.

Темірлан әңгіменің аудиожазбасын жариялады. Онда өзін Жасұлан деп таныстырған адам жазбадағы өткір тұжырымдарға назар аударып, өшіруді сұрайды. Ол бұған қоса жағымсыз пікірлердің көптігін және ықтимал стихиялық митинг қаупін алға тартқан. Темірлан жазбасын өшіруден бас тартып, онда өзінің азаматтық ұстанымын білдіргенін айтады. Қоңырау шалушы өзін тек атымен таныстырған, ал тегі мен қызметін таныстыру туралы өтінішке жауап бермеген. Қоңырау шалушының кім екенін растау да мүмкін болмады.

Кейін Темірлан үйіне өздерін полиция қызметкерлері деп таныстырған адамдар келгенін, содан кейін жазбасын өшіргенін хабарлады. Айтуынша, олар туыстарына да барған. Журналист Динара Егеубаева Темірланнан Threads пен Instagram-дағы жазбаларын өшіруді және түсініктеме беруді талап еткенін жазды. Ол кезде бұл жағдай ресми расталмады.

Әлеуметтік желілердің басқа да қолданушылары осындай қоңыраулар туралы хабарлады. Олардың айтуынша, өзін полиция немесе ІІМ қызметкерлері ретінде таныстырған адамдар қайғылы оқиғаға қатысты жазбаларды өшіруді сұраған.

Осылайша тараптардың нұсқалары әртүрлі: қолданушылар өздеріне қоңырау шалған және келген адамдарды құқық қорғау органдарымен байланыстыратынын айтса, ІІМ полиция қызметкерлерінің мұндай қоңыраулар жасағанын жоққа шығарады. Ведомство жарияланған аудиожазбаның кімге тиесілі екеніне қатысты әзірге түсініктеме берген жоқ. Өзін полиция қызметкері ретінде таныстырған адамның жеке басын анықталды ма хабарламады.

Естеріңізге сала кетейік, 24 қыркүйекте Каспий теңізі жағалауындағы әскери-теңіз жаттығуы кезінде қайғылы оқиға орын алды. Ауа райының кенеттен нашарлауы және желдің күшеюі салдарынан 17 әскери қызметшіні теңіз айдынына алып кетті. Олардың үшеуі құтқарылды, ал 14-і қаза тапты. Қазақстанда 25 қыркүйек - Жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды.

Өз сұрағыңызды қойыңыз