Динара Егеубаева жол-көлік оқиғасын тергеу созылып кеткенін мәлімдеді

Қазақстандық журналист Динара Егеубаева өзінің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасын тергеу созылып кеткенін хабарлады. Ол мұны өзінің кәсіби қызметімен байланысты болуы мүмкін, дейді.
Динараның айтуынша, тергеуші Сұлтан Рахматуллаев оған істі тергеуге бір жыл уақыт берілгенін айтқан. Әңгіме велосипедшіні қағып кетуге қатысты жол-көлік оқиғасы туралы. Жарияланған бейнежазбаға қарағанда, велосипедші өзі жол қозғалысы ережесін бұзып, қарсы бағытқа шығып, журналистің көлігімен соқтығысқан.
Егеубаева бұл жағдайды Өскеменде болған осындай жол-көлік оқиғасымен салыстырады. Ол жерде әкімшілік іс бойынша шешім бірнеше сағаттың ішінде қабылданған.
Журналист: «Жол-көлік оқиғасы 19 тамызда сағат 20:10-да болған. Келесі күні сағат 13:25-те ақпарат жарияланып, велосипедшінің жауапкершілікке тартылғаны хабарланды. Полицияның мәліметінше, велосипедші ҚР ӘҚБтК-нің 615-бабының 2-бөлігі - «Жаяу жүргіншілер мен жол қозғалысының өзге де қатысушыларының қозғалыс ережелерін бұзуы» бойынша жауапкершілікке тартылған. Шешім әкімшілік іс бойынша бар болғаны бірнеше сағатта шығарылған. Автокөлік жүргізушісі де, велосипедші де тәуелсіз журналистік қызметпен айналыспайды. Сондықтан мәселе заңға сәйкес шешілді. Ал олай болмағанда, менің жағдайымдағыдай, қылмыстық іс қозғалар еді», - дейді.
Егеубаева тергеудің ұзаққа созылуы велосипедшімен болған жол-көлік оқиғасының әдейі ұйымдастырылған арандатушылық болуы мүмкін екенін көрсетеді, дейді. Ол істің созылуын елден шығу мүмкіндігін шектеумен де байланыстырады.
Журналист: «Неге бір жыл? Өйткені осы уақыт ішінде президент сайлауы өтуі тиіс. Сол уақытқа дейін Ақордаға бағынбайтын барлық журналистер үнсіз қалуы керек», - дейді.



