Диана Сапарқызына жасалған шабуылды тергеуді Қарағанды облысының прокуратурасы бақылауға алды
Журналист Диана Сапарқызының заңды кәсіби қызметіне кедергі келтіру ісі бойынша тергеуді Қарағанды облысының прокуратурасы бақылауға алды. Бұл туралы «Әділ сөз» қорының Парламент Мәжілісінің депутаттарына жолдаған үндеуіне облыс прокуроры Б.Мырзакеровтың жолдаған жауабынан белгілі болды.
Естеріңізге сала кетейік, 18 тамызда ҚазТАГ ХАА тілшісі Диана Сапарқызына шахтадағы оқиғаны түсіру кезінде «АрселорМитал Теміртау» компаниясына қарасты «Казахстанская» шахтасының күзетшілері Б.Тиркин мен Е.Жаншин шабуыл жасаған болатын. Күзетшілердің бірі журналистің телефонын тартып алып, түсірілген файлдарды өшіріп тастаса, екіншісі оны еркінен тыс ұстап тұрған. Диана Сапарқызы полицияға арызданған. Шахтинск полициясы Б.Тиркинге қатысты ӘҚБтК-нің 73-1-бабының 1-бөлігімен (Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру) әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырған. Кейін «Әділ сөз» қоры мен журналистің адвокаты Шырын Әмірғалиеваның талабы бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 158-бабы бойынша (журналистің заңды кәсіби қызметіне кедергі келтіру) қылмыстық тергеу басталды.
Әкімшілік тергеу 27 қазанда тоқтатылды. Оған қылмыстық тергеу жүргізу негіз болды. Ал 8 қарашада Шахтинск қ. ПБ аға тергеушісі, полицияның аға лейтенанты Қ. Байсейітов күзетшілерге қатысты әкімшілік тергеудің тоқтатылғанын айтып, қылмыстық тергеуді тоқтатты.
23 қаңтарда Қарағанды облысының прокуратурасы Шахтинск қаласының полиция бөлімінің журналист Диана Сапаркызының заңды кәсіби қызметіне кедергі жасау туралы іс бойынша сотқа дейінгі тергеуді тоқтату туралы шешімінің күшін жойды.
Осыған байланысты «Әділ сөз» қоры мәлімдеме жасап, бұл шешім қалыптасқан келеңсіз тенденцияны өзгертіп, ҚР Қылмыстық кодексінің 158-бабының шын мәнінде қолданысқа енуіне ықпал етеді деген үмітін білдірді. Қордың мәлімдемесінде Парламент Мәжілісінің депутаттарына прокуратураның іс-әрекетін депутаттық сауалмен қолдауды және журналистің кәсіби қызметіне кедергі келтірген істерді, әсіресе, әйел журналистерге қатысты физикалық күш қолдану сияқты құқық бұзушылықтарды сотқа жеткізу қажеттілігін қолдауды сұрады.