Сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры
Международный фонд защиты свободы слова
The International Foundation for Freedom of Speech Protection

CPJ: Гүлнәр Бажкенованың сегіз жылдық үкімі — БАҚ-қа күшейген қысымның бір бөлігі

26 тамыз 2026

Журналистерді қорғау комитеті (CPJ) Orda басылымының бұрынғы бас редакторы Гүлнәр Бажкеноваға шыққан үкімге байланысты мәлімдеме жариялады. 18 тамызда Алматы соты оны сегіз жылға бас бостандығынан айырған. Халықаралық ұйым бұл істі Қазақстанда парламент сайлауы қарсаңында БАҚ-қа күшейген қысымның бір бөлігі деп бағалады.

«Әділ сөз» қоры CPJ мәлімдемесінен үзінді жариялайды.

«18 тамызда Алматы соты Гүлнәр Бажкенованы көрінеу жалған ақпарат тарату, бөтеннің мүлкін иемдену немесе талан-таражға салу және заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу айыптары бойынша кінәлі деп таныды. Журналист тағылған айыптарды жоққа шығарып, сот үкіміне шағымдануға ниетті.

Бажкенова кәмелетке толмаған баласының болуына байланысты бас бостандығынан айыру түріндегі жазасын екі жылдан соң өтейді. Сонымен қатар сот оған бес жыл бойы БАҚ-пен, журналистикамен, блог жүргізу, жария іс-шараларға қатысу және қоғамдық қызметтің өзге де түрімен айналысуға, сондай-ақ басшылық қызмет атқаруға тыйым салды.

CPJ бағдарламалық директоры Карлос Мартинес де ла Серна: «Гүлнәр Бажкеноваға шығарылған тым қатаң сегіз жылдық үкім - Қазақстанда 23 тамызда өтетін парламент сайлауы қарсаңында биліктің баспасөздің үнін өшіруге ұмтылған, алаңдаушылық тудырған тұтқындаулар мен айыптау үкімдерінің бір бөлігі», - деп бағалады.

Ол Қазақстан билігін баспасөзге күшейген қысымды тоқтатуға және Бажкенова мен басқа да журналистерге кәсіби қызметімен еркін айналысуға мүмкіндік беруге шақырды.

Редакцияны тінтуден үкімге дейін

2025 жылғы желтоқсанда қарулы полиция қызметкерлері Orda редакциясында тінту жүргізіп, Бажкенованы көрінеу жалған ақпарат таратты деген бірнеше эпизод бойынша ұстады. Кейін оған басылымдағы қызметіне қатысты кезеңде бөтеннің мүлкін иемденіп алу немесе талан-таражға салу және заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу айыптары қосылды.

CPJ Бажкенова ұсталғанға дейін Orda басылымында Қазақстанның сол кездегі Сыртқы істер министрінің ауқымды сыбайлас жемқорлыққа және 2024 жылы оппозициялық блогердің өлтірілуіне қатысы туралы мақалалар шыққанына назар аударды.

Қазақстандық журналистер мен құқық қорғаушылар Бажкенованы қудалау осы мақалаларға байланысты болуы мүмкін деп топшылады. Алайда CPJ атап өткендей, бұл материалдар жалған ақпарат таратуға қатысты айыптауларға негіз болған мақалалардың қатарына кірмеген.

Редакцияны тінтудің алдында Бажкенова мен Orda-ға бірнеше ай бойы қысым жасалған деген болжам бар: кибершабуылдар, аккаунттарды бұзуға әрекет жасау, қоқан-лоққы жасау қорқыту және журналистің қайтыс болғаны туралы жалған хабарламалар таратылған.

Журналистік қызметке тыйым салу

CPJ соңғы уақытта Қазақстанда сотталған журналистердің кәсіби және қоғамдық қызметіне кең көлемді шектеулер жиі қолданылатынына назар аударады.

Ұйым мұндай тыйымдар журналистің БАҚ-та сөйлеуіне, жария іс-шараларға қатысуына және әлеуметтік желілерді пайдалануына шектеу қоюды қамтуы мүмкін екенін атап өтеді. Бұл тәжірибе қазақстандық құқық қорғау ұйымдары тарапынан сынға ұшырады.

Өткен аптада CPJ және баспасөз бостандығы мен адам құқықтарын қорғаумен айналысатын қазақстандық және халықаралық сегіз ұйым 23 тамыздағы дауыс беру қарсаңында БАҚ-қа күшейген қысымға алаңдаушылық білдірді.

Басқа қылмыстық істер мен бұғаттаулар

CPJ Бажкенованың ісін журналистерге жасалған кең ауқымды қысым ретінде қарастырады.

Шілде айының соңында Қазақстанда саяси сатирашы Азамат Омаров қамауға алынды. Журналистер Әсет Матаев, Әмір Қасенов және Александра Алёховаға үкім шықты. Сондай-ақ Лұқпан Ахмедьяров пен Динара Егеубаеваға қатысты қылмыстық тергеу басталды.

Бұдан бөлек, кемінде он танымал журналист әлеуметтік желілердегі аккаунттарының бұғатталғаны немесе жазбаларының өшірілгені туралы хабарлады. CPJ бұл жағдайды авторлық құқықтың бұзылуына және контентке қатысты өзге де шағымдардың көбейіп кеткенімен байланыстырады.

Журналистерді қорғау комитеті Сыртқы істер министрлігі арқылы Қазақстанның Бас прокуратурасына сауал жолдады. Мақала жарияланған уақытта ұйым жауап ала алмады.

Мақаланың толық нұсқасын CPJ сайтынан оқыңыз.

Өз сұрағыңызды қойыңыз