Сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры
Международный фонд защиты свободы слова
The International Foundation for Freedom of Speech Protection

Белгісіз біреулер NEGE Telegram-арнасының клонын жасады

1 қазан 2026

NEGE редакциясы Telegram-да басылымның ресми арнасын, безендірілуін, мақалалары мен бекітілген хабарламаларын қайталайтын жалған арна пайда болғанын хабарлады.

NEGE редакциясының мәліметінше клон-арнада Азат Перуашев туралы басылым дайындамаған және жарияламаған материалдар пайда болған. Олардың бірі материал тамыз айында жарияланғандай етіп көрсетілген.

Редакция клон-арна анықталғанға дейін ресми арнада күдікті белсенділік болғанын тіркеген: бір тәулік ішінде оған боттарға ұқсайтын жүзден астам аккаунт жазылған, қаралым саны артқан.

NEGE жалған арнаның авторлары мен әкімшілерін анықтау, сондай-ақ аталған БАҚ атынан жарияланған материалдарға қатысты құқықтық баға беруді сұрап құзырлы органдарға жүгінуді көздеп отыр.

«Әділ сөз» ұйымы бұған дейін Exclusive.kz-ке қатысты осыған ұқсас оқиға туралы хабарлаған. Онда белгісіз біреулер сайттың клонын жасап, Азат Перуашев туралы жалған мақала жариялаған еді.

«Әділ сөз» қоры БАҚ-қа ұқсайтын және олардың атынан жалған материалдар тарататын ресурстардың құрылуын цифрлық қысым көрсету мен қаралаудың бір түрі деп бағалайды.

Қор клон-арнаны құруға қатысы бар адамдар мен жалған материалдың таралу көзін анықтау қажет деп санайды.

 

Өз сұрағыңызды қойыңыз