Сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры
Международный фонд защиты свободы слова
The International Foundation for Freedom of Speech Protection

БАҚ құқығын апелляция соты қорғады: Атырау облыстық соты кісі өлтірушінің фотосуретін жариялауды заңды деп таныды

6 қараша 2024

Бұл іс, дәлірек айтсақ, істер топтамасы заң факультетінде оқытуға арналған кейске жиналып, журналистика факультетінде құқық бойынша оқытылатын дәрістердің бір бөлігі болуға тұрарлық. 2023 жылғы сәуірде Конституциялық сот, егер жариялау конституциялық құрылысты, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын қорғау мақсатында жүзеге асырылса, БАҚ-тың адамдардың фотосуреттерін олардың келісімінсіз жариялау құқығы конституциялық болып табылады деген шешім шығарды.

Алайда, 2024 жылы Атырау қалалық соты Сергей Наумцевтің «Ақ Жайық» ЖШС-не қатысты жеке деректерді қорғау туралы талап арызын ішінара қанағаттандырып, газетті Наумцевке 30 мың теңге төлеуге және сот шығындарын өтеуге міндеттеді. Бұл шешімін сот суретке түсіру құқығы мен жеке өмір құпиясының бұзылуымен түсіндірді.

«Әділ сөз» қоры соттардың құқық нормаларын біркелкі қолдануын, Конституциялық соттың белгілі бір жағдайларда жеке тұлғалардың келісімінсіз олардың суреттерін жариялауға қатысты БАҚ құқығын сақтау туралы шешімдерін құрметтеуін талап етіп, «Наумцев vs Ақ Жайық» ісін қайта қарауға жоғары тұрған сот инстанциясына amicus curiae шығарды. Еске салсақ, Наумцев түрмеде отырып, 2022 жылы «Диапазон» газетіне қарсы ұқсас талап арыз берген болатын, бірақ Ақтөбе қалалық соты оның талабын қанағаттандырмаған еді.

Бүгін Атырау облыстық сотының алқасы Наумцевтің талабын қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығарды. Сот «Ақ Жайық» ЖШС-ін толық ақтап, бірінші сатыдағы соттың қателігін түзеп, заңдылықты қалпына келтірді.

«Әділ сөз» қоры Атырау облыстық сотына істі апелляциялық сатыда қараудағы кәсібилігі үшін алғыс білдіріп, Қазақстан Республикасы аумағында заңдардың одан әрі біркелкі қолдануына үміт артады.

Өз сұрағыңызды қойыңыз