Әйгерім Тілеужанның достарына колонияда онымен кездесуге рұқсат берілмеді

Азаматтық белсенділер Абзал Достияр мен Дәурен Достиярға Жауғашты әйелдер колониясында отырған журналист әрі саяси тұтқын Әйгерім Тілеужанмен қысқа мерзімді кездесуге рұқсат берілмеді. Мекеме қызметкерлері сотталғандармен тек туыстары ғана кездесе алатынын айтқан.
Бұл туралы Дәурен Достияр әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады. Айтуынша, ол Абзалмен бірге таңертең колонияға барған. Құжаттарын тіркегеннен кейін кездесуге өтініш толтырған. Екі сағаттан астам уақыт өткен соң оларға кездесуге рұқсат берілмейтіні айтылған.
Жазба авторының айтуынша, өзін мекемедегі ішкі тәртіпке жауапты қызметкер деп таныстырған адам қысқа мерзімді кездесу тек туыстарына берілетінін, ал достарына рұқсат етілмейтінін мәлімдеген. Ал белсенділер бұған дейін де осы колонияда Әйгерім Тілеужанмен кездескен.
Абзал Достияр мекеме қызметкерлерінен бас тартудың құқықтық негізін түсіндіруді сұрап, кейін мекеме басшысымен кездескен. Бірақ бас тартудың нақты себебіне түсініктеме ала алмаған.
«Әділ сөз» қорының заңгері Сергей Уткин Қылмыстық-атқару кодексінде қысқа мерзімді кездесу тек туыстарымен ғана емес, басқа адамдармен де кездесуге мүмкіндік береді: «ҚР Қылмыстық-атқару кодексінің 106-бабы 2-бөлігіне сәйкес, ұзақтығы екі сағат болатын қысқа мерзімді кездесу жұбайымен, туыстарымен немесе өзге де адамдармен мекеме әкімшілігі өкілінің қатысуымен және сәлемдеме алуға мүмкіндік беріле отырып өткізіледі. Өзге адамдармен қысқа мерзімді кездесуге заңда тікелей рұқсат етілген. Кездесу мекеменің ішкі тәртіп ережелеріне сәйкес беріледі», дейді.
Осылайша, туыстық байланыстың болмауы Қылмыстық-атқару кодексінде кездесуге рұқсат бермеуге негіз ретінде қарастырылмаған.
«Әділ сөз» қоры мекеме әкімшілігі Әйгерім Тілеужанның келушілермен кездесуіне қандай норма негізінде рұқсат берілмегенін нақты түсіндіруі керек, дейді.



