Астанада құқықтық медиасауаттылық бойынша семинар өтті
2024 жылғы 10 желтоқсанда Астана қаласында «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры АҚШ-тың Қазақстандағы Елшілігімен бірлесіп, мемлекеттік органдардың баспасөз қызметі өкілдеріне арналған семинар ұйымдастырды. Іс-шара «Журналистер мен блогерлерге құқықтық қолдау көрсету және құқықтық білімін арттыру» жобасы аясында өтті.
Семинар тренері медиа құқық саласындағы маман, тәжірибелі заңгер және құқық қорғаушы Сергей Уткин болды. Шара барысында қатысушылар «Масс-медиа туралы» Заңның негізгі аспектілерін және оның мемлекеттік органдардың қызметіне әсерін талқылады, сондай-ақ журналистермен өзара әрекеттесу бойынша ұсыныстар алды. Семинарда журналистердің кәсіби қызметіне кедергі келтірді деген айыптаулардан қалай сақтану керектігіне ерекше көңіл бөлінді. Сонымен қатар қатысушылар жалған ақпарат пен жала жабуға қатысты заңнаманы қарастырып, даулы жағдайларды құқықтық деңгейде шешудің практикалық тәсілдерін меңгерді.
Семинар қатысушыларына медиасауаттылықты арттыруға деген белсенділігі мен қызығушылығы үшін алғысымызды білдіреміз. Жаңа іс-шаралар мен білім беру жобаларын өткізіп алмау үшін парақшамыздағы жаңалықтарды жіберіп алмаңыз!