«Ара медиа» YouTube-арнасына жабылу қаупі төніп тұр

«Қазақстан» телеарнасының авторлық құқықты бұзу туралы шағымынан кейін «Ара медиа» YouTube-арнасына жабылу қаупі төніп тұр. Бұл туралы арна негізін қалаушы Руслан Ербота мәлімдеді.
Оның айтуынша, дау президенттің аудан әкімдерін сайлауға қатысты сөзі пайдаланылған екі бейнероликке байланысты туындаған. Журналист видеолардағы үзінділердің халықаралық fair use (әділ пайдалану) қағидатына сәйкес қолданылғанын мәлімдеп, YouTube әкімшілігіне шағымдарды қайта қарау туралы өтініш жолдаған.
Сондай-ақ ол «Қазақстан» телеарнасының өкілдері YouTube-ке шағым түсірмес бұрын мәселені өзімен тікелей сөйлескенде дау туғызған үзінділерді алып тастауға болар еді деп отыр. Журналист телеарна шағымдарын кері қайтарып алса, оған ризашылығын білдіретінін, алайда өзі телеарнаға мұндай өтініш жасамайтынын мәлімдеді.
Журналист сондай-ақ бұл видеолардың Facebook әлеуметтік желісінен де өшірілуі мүмкін екенін, жағдайдың қалай өрбитінін күтіп отырғанын айтты.
«Әділ сөз» қоры «Ара медиа» YouTube-арнасына қатысты жағдайды бақылауда ұстайды.



