Сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры
Международный фонд защиты свободы слова
The International Foundation for Freedom of Speech Protection

Алматыда журналист полицияда болған кезде оның пәтерінің есігін бұзып кірген

24 қазан 2026

22 қазанда Азаттық Азия тілшісі Бағдат Асылбек алаяқтық жасады деген арыз бойынша күдіктеліп, түсініктеме алу үшін Алматы полиция департаментіне мәжбүрлеп жеткізілген. Журналист полицияда болған кезде белгісіз адамдар оның пәтерінің есігін бұзып кірген. Бұл туралы Азаттық Азия хабарлады.

Таңертең журналистке өзін киберполиция қызметкері деп таныстырған адам қоңырау шалып, жазда оның Kaspi шотына түскен ақшаны қайтаруды айтқан. Бағдат Асылбек банкке барып, белгісіз адам аударған қаражаттан бас тартатыны туралы арыз жазған.

Банктен шыққан кезде оны полиция күтіп тұрған. Редакцияның хабарлауынша, журналистке шақыру қағазы берілмеген және полицияға өз еркімен баруға дайын болғанына қарамастан, оны күштеп қызметтік көлікке отырғызып алып кеткен.

Полиция департаментінде Асылбекке OLX платформасында сатылымға қойылған смартфон үшін алдын ала 100 мың теңге аударғанымен, тауарды алмаған адамның арызы туралы хабарлаған. Ақша журналистің шотына түскен. Алайда Асылбек смартфон сататыны туралы ешқандай хабарландыру бермеген.

Бағдат Асылбек полицияда түсініктеме беріп жатқанда, бетперде киген екі белгісіз адам оның пәтерінің есігін бұзып кірген. Бұл туралы журналистке көршілері айтқан. Үйіне оралған соң ол заттарының жоғалмағанын және үйде бөгде адамдардың іздерін байқамағанын хабарлаған.

Асылбек полиция шақырып, үйіне заңсыз кіргендердің үстінен арыз түсірді. Оқиға орнына келген жедел топ есіктен саусақ іздерін алып, бақылау камераларындағы бейнежазбаларды ұсынған көршілерден жауап алды.

Журналистің адвокаты Елена Жигаленок полицияға мәжбүрлеп жеткізу мен пәтеріне бөтен адамдардың есікті бұзып кіруі арасында байланыс болуы мүмкін деп санайды. Оның пікірінше, бұл жағдай журналисті қорқыту немесе оған қысым көрсету әрекетін білдіруі мүмкін. Әзірге екі оқиғаға да қандай да бір тұлғалардың қатысы бар екені анықталған жоқ.

Азаттық Азия құрамына кіретін «Азат Еуропа/Азаттық радиосы» (RFE/RL) басшылығы болған жағдайға алаңдап, Қазақстан билігін журналистердің қорқыту мен қудалаусыз жұмыс істеуіне жағдай жасауға шақырды. Редакция Алматы қалалық полиция департаменті мен Қазақстан ІІМ сауал жолдады. Материал жарияланған сәтте жауап түспеді.

Еске салайық, бұған дейін Азаттық радиосының журналисі Дархан Өмірбекке қатысты осыған ұқсас жағдай болған. Қыркүйекте полиция қызметкерлері оған интернеттегі хабарландыруға байланысты хабарласқан. Хабарландыруда журналистің телефон нөмірі көрсетілген. Өмірбек болжамды алаяқтыққа қатысын жоққа шығарған.

«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры Бағдат Асылбектың жағдайына алаңдайды. Журналистің полицияға мәжбүрлеп жеткізілуі мен белгісіз адамдардың оның пәтеріне кіруі сәйкестігі  мұқият әрі объективті тексерілуге тиіс. Қор құқық қорғау органдарын пәтерге кірген адамдардың кім екенін анықтауға, Асылбекті полицияға мәжбүрлеп жеткізудің заңдылығын тексеруге, сондай-ақ екі оқиғаның арасында байланыс бар-жоғын анықтауға шақырды. Ұйым журналистің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, оқиғаны ашық әрі жан-жақты тергеу қажет, деп санайды.

Өз сұрағыңызды қойыңыз