Сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры
Международный фонд защиты свободы слова
The International Foundation for Freedom of Speech Protection

Алматыда құрылыс компаниясының журналист Вадим Борейкоға қарсы соты қайта жалғасты

22 қазан 2026

Алматы қаласының Бостандық аудандық сотында «Etude-Ybyrai» ЖШС құрылыс компаниясының журналист Вадим Борейкоға қарсы іскерлік беделін қорғау және залал өндіріп алу туралы арызын қарау қайта жалғасты. Журналистің қорғаушылары іс аясында жүргізілген филологиялық және экономикалық сараптамалардың қорытындыларымен келіспеді.

Еске салайық, құрылыс компаниясы Вадим Борейконы шындыққа сәйкес келмейтін мәлімет тарату арқылы іскерлік беделге нұқсан келтіріп, қаржылық шығынға ұшыратты деп айыптап отыр. Арызданушы компания бастапқыда  71 миллион теңге көлемінде залал келтірілді деген. Экономикалық сараптама нәтижесінде компанияның шығыны 43 миллион теңге деп бағаланған. Журналистің адвокаты бұл шығын мен Борейконың материалы арасындағы себеп-салдарлық байланысты сот әлі бағалауы тиіс деп санайды.

Қорғау тарапы филологиялық сараптаманың қорытындысына да күмән келтірді. Адвокаттың айтуынша, сарапшы қойылған сұрақтарда көрсетілген тұжырымдарды зерттемеген. Сондай-ақ мемлекеттік органдар өкілдері мен тұрғындардың сөйлеген сөздері жазылған видеоматериалдар сараптамаға енгізілмеген. Қорғаушылар оларды іс материалдарына қосуды сұрады.

Борейко тұрғындары шағымданған  Алматыдағы Premier тұрғын үй кешенінің құрылысына қатысты жағдайды жариялаған. «Гиперборей» YouTube-арнасында осы нысан туралы жеті материал шыққан.

Сот талқылауы сараптама жүргізілуіне байланысты тоқтатылып, бес айға жуық уақыттан кейін қайта жалғасты. Сәуірде арыз түскеннен кейін журналистің банк шоттары мен депозитіне, зейнетақы шотына шектеу қойылды. Зейнетақы картасы үш күннен кейін бұғаттан шығарылды.

«Әділ сөз» қоры журналистің кәсіби қызметі мен қоғам үшін маңызды тақырыптардағы материалдарына байланысты қойылатын сот талаптарын тәуелсіз медиаға қысым жасаудың ықтимал құралдарының бірі деп санайды. Ұйым мұндай процестер журналистік зерттеулер мен қоғамның ақпарат алу құқығын шектеу тәсіліне айналмауға тиіс, дейді.

 

Өз сұрағыңызды қойыңыз