Сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры
Международный фонд защиты свободы слова
The International Foundation for Freedom of Speech Protection

«Әділ сөз» Ulysmedia-ны қорғап, сотта жеңіске жетті: БАҚ пен блогерлер нені білуі керек

25 тамыз 2026

17 тамызда Астана қаласының ауданаралық азаматтық соты «Ulysmedia» басылымына қарсы берілген талап арызды қанағаттандырудан бас тартты. Басылымның мүддесін «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры қорғады. Судья Арайлым Қалиева БАҚ мақалаларына қатысты талаптар үшін белгіленген бір жылдық талап қою мерзімін қолданды.

Сот процесіне қатысқан заңгер Сергей Уткин бұл ереженің тек бұқаралық ақпарат құралдарына (БАҚ) қатысты қолданылатынын айтты. Егер даулы материалды блогер, инфлюенсер немесе Мәдениет және ақпарат министрлігінде БАҚ ретінде тіркелмеген өзге де медиа өкілі жарияласа, ар-намысты, қадір-қасиетті және іскерлік беделді қорғауға (соның ішінде моральдық зиянды өтеуге) қатысты талаптарға ескіру мерзімі қолданылмайды. Заңгердің айтуынша, бұл ҚР Азаматтық кодексінің 187-бабының 1-тармақшасынан туындайды. Сондықтан талап-арыз материал жарияланғаннан кейін тіпті он немесе одан да көп жыл өткен соң да берілуі мүмкін.

Сергей Уткин: «Біз бұл істе жарияланған күннен бастап есептелетін бір жылдық талап қою мерзіміне сілтеме жасау арқылы жеңіске жеттік, алайда бұл тек бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты. Ал басқа медиа, соның ішінде түрлі блогерлер мен инфлюенсерлер, өз жазбаларына қатысты талап қою мерзімі қарастырылмағанын ескеруі тиіс. Сондықтан «Масс-медиа туралы» заң қабылданғаннан кейін БАҚ ретінде тіркелу тиімді», - деді.

Өз сұрағыңызды қойыңыз