Сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры
Международный фонд защиты свободы слова
The International Foundation for Freedom of Speech Protection

«Әділ сөз» қоры журналистерге арналған чат-бот әзірлеу жұмысын бастады

15 қазан 2026

Digital Action Lab бағдарламасы аясында «Әділ сөз» қоры өңірлік журналистерге арналған чат-бот әзірлеуге кірісті.  Жобаның мақсаты - журналистерге қажетті ақпаратты жылдам табуға, құқықтары бұзылған төтенше жағдайларда практикалық нұсқаулық алуға көмектесу.

Атап айтқанда, чат-бот ақпарат беруден бас тарту, ұстау, кибершабуылдар, сайттар мен аккаунттарды бұғаттау, журналистер мен блогерлердің кәсіби қызметі барысында кездесуі мүмкін басқа да жағдайларда қалай әрекет ету керектігіне бағдар береді.

Цифрлық көмекші пайдаланушыларға ең алдымен қандай қадамдар жасау керектігін өз бетінше анықтауға, өз құқықтарын қорғау жолдарын білуге, көмек алу үшін қайда жүгінуге болатынын түсіндіреді.

Чат-ботты әзірлеу жұмысы басталып кетті. Бұл жоба «Әділ сөз» қорының Digital Action Lab бағдарламасына қатысуы аясындағы практикалық бағыттардың бірі.

Биыл шілдеде «Әділ сөз» қорының президенті Назира Дәрімбет Кенияның Найроби қаласында өткен Digital Action Lab (DAL) халықаралық воркшопына қатысты. Іс-шараға бағдарламаның үшінші кезеңіне іріктелген Жаһандық Оңтүстік елдерінен келген азаматтық қоғамның 15 ұйымының өкілдері жиналды.

Digital Action Lab -  CIVICUS жаһандық азаматтық қоғам альянсы Digital Democracy Initiative бастамасы аясында жүзеге асырылатын халықаралық бағдарлама. Ол азаматтық қоғам ұйымдарын қолдауға, олардың цифрлық мүмкіндіктерін дамытуға және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін технологияларды қолдануға бағытталған.

Бағдарламаның үшінші кезеңіне қатысушылар Найробиде жобалық идеяларды бірлесіп әзірлеуге және жетілдіруге арналған Co-Design Workshop практикалық воркшопына жиналды.

Ұйым өкілдері тәжірибе алмасып, қоғамдық мәселелерді шешуде цифрлық құралдарды қолдану жолдарын талқылады және басқа елдердегі серіктестермен ынтымақтастық орнатты.

Қордың халықаралық бағдарламаға қатысуы басқа елдердегі құқық қорғау ұйымдарымен тәжірибе алмасуына, цифрлық шешімдерді зерделеуіне және Қазақстанда сөз бостандығын қорғау үшін жаңа құралдарды қолдануына мүмкіндік береді.

 

Өз сұрағыңызды қойыңыз