Сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры
Международный фонд защиты свободы слова
The International Foundation for Freedom of Speech Protection

«Әділ сөз» қоры журналист Думан Мұхамметкәрімнің жағдайына алаңдаушылық білдіреді

10 тамыз 2026

Экстремизм бабымен сотталған журналист Думан  Мұхаммедкәрімнің денсаулығы күрт нашарлап кетті. Бұл туралы журналистің адвокаты Ғалым Нұрпейісов мәлімдеді.

Адвокат журналистің жүрегі мен бүйрегі ауыратынын, оған толық медициналық тексеру жүргізілмегенін, Думанның бірнеше рет наразылық ретінде дәрі-дәрмек пен батарейка жұтқанын, бірақ төрт сағат бойы медициналық көмек көрсетілмегенін айтты.

«Бұл – өзіне қол жұмсау емес, құқықтарының бұзылуына қарсы наразылықтың бір түрі. Ол өзінің мәселесіне және саяси баптармен сотталған басқа азаматтардың жағдайына қоғам назарын аудартқысы келеді», – Ғалым Нұрпейісов.

Қорғаушының мәліметінше, сот үкімінен кейін Думан Мұхамметкәрім Қызылордадағы түзеу мекемесіне жіберіліп, 600 тәуліктен астам уақыт жалғыз адамдық камерада отыр. Осы уақыт ішінде ол шамамен 200 күн аштық жариялап, 90 келіден 55 келіге дейін арықтаған.

Сонымен қатар Ғалым Нұрпейісовтің айтуынша, БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі жұмыс тобы істі қарап, Думан Мұхаммедкәрімнің құқықтарының бұзылғанын растайтын шешім шығарған. ЕҚЫҰ аясында өткен отырыстарда арнайы баяндама жасалып, бұл мәселе ҚР Сыртқы істер министрлігіне жеткізілген.

Алайда күні бүгінге дейін бұл талаптарға қатысты нақты өзгеріс жоқ. Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті Думанның Алматы облысындағы түрмеге ауыстыру талабын елемей отыр.

Еске сала кетейік, Думан Мұхаммедкәрім - тәуелсіз журналист, «Не дейді?» YouTube-арнасының авторы. Думан Мұхаммедкәрім қылмыстық кодекстің  405-бабы, 2-бөлімі («тыйым салынған ұйымның ісіне араласу») және (258-бап, 1-бөлімі («экстремизмді қаржыландыру»)  бойынша кінәлі деп танылып, сот 2024 жылы оны 7 жылға бас бостандығынан айырған. Қазір ол Қызылордадағы түзеу мекемесінде 600 тәуліктен астам уақыт жалғыз адамдық камерада отыр.

Адвокат Ғалым Нұрпейісов «тұтқын Думан Мұхаммедкәрімнің құқығы тапталуда:

«Түрмедегі оқшаулау шарасы 180 күннен аспауы тиіс. Біз заңмен кепілдендірілген құқығын сақтауды, оны ұзақ жылғы оқшаудан шығаруды талап етеміз», дейді.

Сондай-ақ, Думанға үш жыл бойы қоғамдық-саяси қызметпен айналысуға тыйым салынды. Бұл мәселе — жалғыз Думанның ғана емес, елдегі сөз бостандығы мен азаматтық қоғамның дамуының маңызды индикаторы болып отыр.

Сөз бостандығын қорғау халықаралық «Әділ сөз» қоры журналист Думан  Мұхаммедкәрімнің жағдайына алаңдаушылық білдіріп, оның денсаулығының нашарлауына және Алматы облысындағы түрмеге ауыстыру байланысты заңды құқықтарының сақталуын талап етеді.

Өз сұрағыңызды қойыңыз