Сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры
Международный фонд защиты свободы слова
The International Foundation for Freedom of Speech Protection

«Әділ сөз» қоры журналист Александра Алеховаға тағайындалған жаза тым қатаң деп мәлімдеді

5 тамыз 2026

«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының президенті Назира Дәрімбет Александра Алехованың жағдайы мен оған шығарылған үкімге алаңдап, жаза тым қатал деп мәлімдеді.

Назира Дәрімбет: «Кәсіппен айналысуға тыйым салу және ақпарат жариялағаны үшін нақты түрме жазасын беру – құқықтық логика мен заң алдындағы теңдік қағидатына сай келмейді. Себебі жарияланған ақпарат сол кезде интернетте бұрыннан болған және ашық сот құжаттарында да кездескен. Бұл жағдайда ақпаратты алғаш таратқан адам жазаланбады, ал ақпараттың сыртқа шығуына жол берген құқық қорғау органы қызметкері тек тәртіптік жаза алды. Сол мәліметті қайта жариялағаны үшін 3 жылға бас бостандығынан айыру – шамадан тыс қатаң үкім», – деді.

Естеріңізге сала кетейік, 3 тамызда Алмалы аудандық соты жабық режимде журналист Александра Алеховаға (Сенцова) үкім шығарды. Төрт баланың (оның үшеуі кәмелетке толмаған) анасына жазаны өтеуді 5 жылға кейінге (2031 жылға дейін) шегеріп 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сондай-ақ оған 3 жылға журналистік қызметпен айналысуға тыйым салды. БАҚ өкілдері сот залына жіберілмеді. Отырыс жабық есік жағдайында өтті.

Журналистке ҚР Қылмыстық кодексінің 147-бабының 5-бөлігі — «жеке өмірге жататын дербес деректерді масс-медиа да заңсыз тарату арқылы жеке тұлғаның құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтіру» — бойынша айып тағылды. Бұл құқық бұзушылық ауыр қылмыс санатына жатады және 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.

Қылмыстық қудалау жыныстық қызмет көрсететін тұлға ретінде полицияда арнайы тіркеуде тұрған жәбірленуші туралы ақпараттың таралуына байланысты қозғалды.

Құқық қорғаушылар бұл іс бойынша бірқатар елеулі процестік және құқықтық бұзушылықтарды атап көрсетеді:

  • Ақпарат бұрыннан көпшілікке қолжетімді болған: материалды жариялау кезінде Алехова танымал Telegram-арнада бұған дейін жарияланған деректерге сілтеме жасаған. Жәбірленуші аталған арнаға қатысты полицияға арыз түсіргенімен, сол бастапқы жазбаға байланысты қылмыстық іс қозғалмаған.
  • Құқықтық қисынсыздық: құқық қорғау органдары деректің бастапқы жариялануының заңдылығын іс жүзінде мойындағанымен, сол ақпараттың журналист тарапынан қайта жариялануын ауыр қылмыс деп таныған парадоксалды жағдай. Қалыптасқан құқықтық тәжірибеге сәйкес, көпшілікке қолжетімді болған деректер жеке сипаттағы ақпарат мәртебесін жоғалтады.
  • Сот актілеріне қатысты прецедент: бұған дейін журналист Олег Гусев дәл осындай ақпаратты таратқаны үшін жауапқа тартылған болатын. Оның ісі бойынша сот талқылауы ашық өтті, ал іс мән-жайлары көпшілікке қолжетімді етілген сот шешімдерінің мәтіндеріне енгізілді. Ақпарат бұдан былай құпия болып саналмағандықтан, сот қызметкері аталған шешімді жариялағаны үшін жауапқа тартылған жоқ.
  • Жазасыз таралып кету: полицияның ішкі тергеуі деректердің бастапқыда тарап кетуіне құқық қорғау органы қызметкерінің себеп болғанын анықтады, алайда ол тек тәртіптік жазамен шектелді. Жазбаны алғаш болып жариялаған Telegram-арнаның иесі де қылмыстық жауапкершіліктен құтылып кетті.

Қорғаушы тарап пен Александра Алехованың өзі бірінші сатыдағы соттың шешімімен келіспейді және шығарылған үкімге апелляциялық шағым түсірмек.

 

Өз сұрағыңызды қойыңыз