«Әділ сөз» қоры Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның мәлімдемесіне пікір білдірді

«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің тәуелсіз БАҚ пен журналистер аккаунттарының жаппай бұғатталуына қатысты ресми пікір білдірді.
Еске салайық, бұған дейін министр Аида Балаева ведомство «әлеуметтік желілердегі пайдаланушылардың, соның ішінде БАҚ пен журналистердің аккаунттарын бұғаттаумен айналыспайтынын», ал мемлекеттің «мұндай әрекеттерге және сөз бостандығы мен пікір білдіру еркіндігін шектеуге мүдделі емес екенін» мәлімдеген еді.
Алайда министрліктің мұндай ұстанымы проблемадан өзін шеттету ретінде көрінеді.
«Әділ сөз» қорының заңгері Сергей Уткиннің айтуынша, министрліктің міндеті тек шабуылдарға қатысы жоқ екенін айтумен шектелмейді. Отандық ақпарат кеңістігін үшінші тұлғалардың заңға қайшы әрекеттерінен белсенді түрде қорғауды да қамтиды.
Сергей Уткин: «Әрине, журналистерге зиян келтірумен мемлекеттің өзі айналыспағаны үшін рақмет. Бірақ, салық төлеушілер министрлікті тәуелсіз журналистер жаппай бұғатталып жатқан жағдайда шенеуніктердің жай ғана «бұл біз емес, міне, қолымыз — таза» деп көрсетуі үшін ұстап отырған жоқ.
Мәдениет және ақпарат министрлігі тәуелсіз журналистердің бұғатталуына қатысы бар күмәнді қаскөйлердің әрекеттеріне жол бермеуге бағытталған нақты шаралар мен шешімдерді жұртшылыққа ұсынуға міндетті екені анық.
Министрлік мұндай әрекеттерді тергеу және алдын алуға қатысты онлайн-платформалардың иелеріне нақты қандай талаптар жолдады? Өздерін «жәбірленуші» деп санайтын шағымданушылар айтқан жасанды интеллект алгоритміндегі қателіктерге шұғыл ден қою үшін қандай шешімдер ұсынылды?
Министрлік ІІМ бірлесіп журналистердің заңды кәсіби қызметіне кедергі келтіруге және олардың мүлкіне зақым келтіруге немесе оны жоюға байланысты ҚР ҚК 158-бабының 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғады ма? Өйткені журналистің жылдар бойы жүргізіп келе жатқан сапалы контенті, сондай-ақ көптеген жазылушысы мен қаралымы бар әлеуметтік желідегі парақшасы нақты ақшалай құнға ие болғандықтан, «мүлік» ұғымына жатады», - дейді.
«Әділ сөз» қоры Мәдениет және ақпарат министрлігі жоғарыда қойылған сұрақтарға жауап береді деп үміттенеді.



