Сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры
Международный фонд защиты свободы слова
The International Foundation for Freedom of Speech Protection

«Әділ сөз» қоры экобелсенді Аруна Ортаеваның жағдайына алаңдаулы

5 қыркүйек 2026

«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры 15 тәулікке қамауға алынған экобелсенді Аруна Ортаеваның жағдайына алаңдайды. Ол Алматы әкімдігі өкілдерінің жабық кеңесіндегі аудиожазбаны жарияланғаннан кейін пәтерінде тінту жүргізіліп, полицияға жеткізілген.

Ортаева әкімдікте өткен кеңеске қатысушылар Көк-Жайлау шатқалында демалыс орнының жол құрылысына байланысты оталуы мүмкін ағаштардың, соның ішінде қызыл кітапқа енген Сиверс алмасының тағдырын талқылағаны болжанатын аудиожазбаны жариялаған.

Жазба жарияланғаннан кейін белсендінің пәтерінде тінту жүргізілген. Оның адвокаты Вячеслав Лимнің айтуынша, Ортаеваға алғашында өзін курьер ретінде таныстырған адамдарға есік ашпағаны үшін бағынбады деген айып тағылған. Сондай-ақ ҚР қылмыстық кодексінің 148-бабы — хат-хабар құпиясын бұзу бойынша қылмыстық іс аясында оның қорғануға құқығы бар куәгер мәртебесінде екені хабарланды. Айта кетейік, Ортаеваның өзі жабық кеңеске қатыспаған.

«Әділ сөз» қоры мұндай жағдайда тергеу әрекеті қоғамдық маңызы бар ақпаратты таратқан адамға қысым көрсету құралына немесе ақпараттың таралу көзін анықтау тәсіліне айналмауы керек деп санайды.

Қор жарияланған жазба қоғам үшін маңызы бар мәселені қозғайтынына назар аударады. Атап айтқанда, жасыл желекті сақтау, ірі инфрақұрылымдық жобаны іске асыру және қоғамдық тыңдаулар өткізу туралы болып отыр. Сондықтан тінту, әкімшілік қамау және өзге де шектеу шараларын қолдану ерекше мұқият әрі нанымды құқықтық негіздеуді талап етеді.

Құқық қорғау органдарының назары жазбаның пайда болуы мен таралуына қатысты жағдайға аударылғанымен, аудиоматериалдың мазмұнына қатысты тергеу жұмыстары туралы әзірге ресми ақпараттың жоқтығы да сұрақтар туындатады.

«Әділ сөз» қоры істің ашық әрі объективті тергелуін, Аруна Ортаеваға қатысты жасалған әрекетке, жарияланған жазбадағы мәліметтерге де құқықтық баға берілуі қажет деп санайды. Қор істің одан әрі қалай өрбитінін бақылайды.

Өз сұрағыңызды қойыңыз