«Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау қорының жаңа президенті сайланды

2026 жылы 17 шілдеде «Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау қорының құрылтайшылар жалпы жиналысы және Қамқоршылық кеңесінің отырысы өтті. Жиында қордың жаңа президенті болып танымал қазақстандық журналист әрі медиа сарапшы Назира Дәрімбет сайланды.
Назира Дәрімбет тәуелсіз журналистика саласында, сондай-ақ медианы дамыту және сөз бостандығын қорғау бағытындағы халықаралық жобаларды жүзеге асыруда тәжірибесі мол. Оның кәсібилігі, халықаралық байланыстары және қазіргі медиа кеңістіктің сын-қатерлерін терең түсінуі қордың борышын табысты жалғастырып, сөз бостандығын қорғау, журналистерді қолдау және Қазақстандағы тәуелсіз медианы дамыту ісіндегі рөлін одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді.
«Әділ сөз» секілді беделді ұйымды басқару мен үшін үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Маған сенім білдірген қордың құрылтайшылары мен Қамқоршылық кеңес мүшелеріне алғысымды білдіремін және бұл сенімді ақтауға бар күшімді саламын. Бүгінде Қазақстан журналистері сот және әкімшілік қысыммен қатар, кибершабуыл, аккаунттар бұғатталуы, онлайн-қудалау сияқты жаңа цифрлық қауіп-қатерлермен де бетпе-бет келіп отыр.
Аталған сын-қатерлерді еңсеру мақсатында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің пәрменді құралдарын жетілдіру, кәсіби қоғамдастықтың бірлігін нығайту және жаһандық ынтымақтастықты тереңдету көзделуде. Сонымен қатар қордың атауына сәйкес, оның басты мақсаты — еліміздегі сөз бостандығын қорғау, бұл тек журналистердің құқықтарын қорғаумен ғана шектелмейді. Сондықтан қордың осы жылдар ішінде қалыптастырған үздік дәстүрлерін жалғастырып, оның қызметін қазіргі заман талаптарына сай жаңа деңгейге көтеру қажет. Бұл ретте қордың негізін қалаушы әрі алғашқы басшысы Тамара Калеева қалыптастырған қағидаттар мен құндылықтар берік негіз болып қала береді», — деді Назира Дәрімбет.
Дамудың жаңа кезеңінде Қор демократиялық сөз бостандығы, пікір білдіру, ақпарат алу және тарату бостандығы қағидаттарына беріктігін паш ете отырып, өз жұмысын мынадай стратегиялық бағыттарға жұмылдырады:
- Қазақстан Республикасының сөз бостандығы, пікір білдіру, ақпарат алу және тарату саласында халықаралық міндеттемелердің орындалуына және халықаралық стандарттардың ілгерілетілуіне жәрдемдесу;
- журналистер мен тәуелсіз редакциялардың құқықтық қорғауын күшейту;
- цифрлық қауіпсіздік құралдарын дамыту және кибершабуылдарға жедел ден қою тетіктерін жетілдіру;
- жоғары тәуекел жағдайында жұмыс істейтін өңірлік БАҚ пен журналистерді қолдау;
- сөз бостандығын қорғайтын халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты кеңейту;
- журналистерге жедел көмек көрсетуге мүмкіндік беретін заманауи цифрлық сервистерді дамыту.
«Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау қоры — 1999 жылы құрылған тәуелсіз үкіметтік емес құқық қорғау ұйымы. Қордың миссиясы — сөз бостандығын және пікір білдіру бостандығын қорғау, журналистер мен бұқаралық ақпарат құралдарының құқықтық қорғалуын қамтамасыз ету, сөз бостандығының бұзылуына мониторинг жүргізу, медиа заңнамасын жетілдіруге ықпал ету және Қазақстандағы тәуелсіз журналистиканың дамуына қолдау көрсету.



