Сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры
Международный фонд защиты свободы слова
The International Foundation for Freedom of Speech Protection

«Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау қоры Азамат Омаровтың ұсталуына қатысты құқық қорғау органдарын жедел ақпарат беруге шақырады

21 шілде 2026

«Ахуал сегодня» YouTube-арнасының авторы, журналист Азамат Омаровқа қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабы (әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік немесе діни алауыздықты қоздыру) бойынша екі ай мерзімге қамауға алу түріндегі шара қолданылғаны туралы құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина хабарлады.

Қазіргі уақытта бұл ақпаратқа қатысты ресми түсініктеме жарияланған жоқ, мән-жайы нақтыланып жатыр.

Осыған байланысты «Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау қоры құқық қорғау органдары мен прокуратураны Азамат Омаровтың ұсталуына қатысты ресми ақпаратты шұғыл түрде жариялауға шақырады. Атап айтқанда, оның қазір қайда екені, қандай қылмыстық құқық бұзушылыққа күдік келтіріліп отырғаны, сондай-ақ қандай нақты жарияланымдары мен таратқан мәліметтері негізінде қамауға алынғаны туралы ақпарат беруді сұрайды.

Бұл мәліметтер қоғам үшін маңызды әрі олардың жариялануы тергеуге кедергі келтірмейді. Себебі ұсталу фактісі туралы ақпарат бұған дейін жария түрде таралған. Сондықтан ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес бұл деректерді жария етуге болады.

Еске салсақ, Азамат Омаровтың «Обнуление + мечеть святого Нурсултана» атты соңғы шығарылымы авторлық құқықты бұзды деген шағымнан кейін көп ұзамай YouTube платформасынан өшірілген болатын.

Сондай-ақ 11 маусым күні Азамат Омаров Астанада велосипедшімен болған жанжалға байланысты полиция бөлімшесіне жеткізілген еді. Кейін оның айтуынша, полиция бұл жанжалдың реттелгенін мәлімдеген.

Журналистің сөзінше, ол жаяу жүргіншілер жолымен кетіп бара жатқан кезде жанынан велосипедпен бір адам өткен. Омаров велосипедшінің құлауына себеп болуы мүмкін ешқандай әрекет жасамағанын айтқан. Біраз уақыттан кейін оның үйіне полиция қызметкерлері келіп, оны «біреуді итеріп жіберді» деп айыптап, полиция бөлімшесіне алып кеткен.

Адвокат Төлеген Шайықовтың айтуынша, Омаровқа шығарылған сот қаулысында журналистің Қазақстан билігі жайлы сатиралық материалдар «қоғамда теріс пікір қалыптастыруы мүмкін» деген тұжырым айтылған.

Адвокаттың сөзінше, билік өкілдері журналисті үйінен ұстап, компьютерін, телефондарын және басқа да техникасын бірге алып кеткен. Шайықовтың айтуынша, Омаров өзіне тағылған айыптарды мойындамайды және жариялаған материалдарын кәдімгі сатира мен әзіл деп санайды. Адвокат журналисті қамауға алу туралы шешімге шағым түсірді.

«Әділ сөз» қоры Азамат Омаровтың қамауға алынуына қатысты жағдайды бақылауда ұстайды.

Өз сұрағыңызды қойыңыз