«Әділ сөз»: Құрылтайдың жаңа жұмыс регламенті журналистердің құқықтарын шектейді

Құрылтайда журналистердің жұмыс тәртібі өзгерді: енді депутаттарға сұрақты тек баспасөз орталығында қою ұсынылады, ал кулуарда журналистермен қалыптасқан форматтағы қарым-қатынас іс жүзінде алынып тасталды.
«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының заңгері Сергей Уткин жаңа шектеулер журналистердің қоғамдық маңызы бар ақпаратты алу мүмкіндігін тарылтудың жалғасы, деп санайды.
Заңгердің айтуынша, мұндай шектеулердің алғышарты «Масс-медиа туралы» жаңа заңда-ақ пайда болған. Бұрынғы заңмен салыстырғанда журналистерге аса маңызды мемлекеттік және стратегиялық нысандардағы өткізу және объектішілік режимдерді, сондай-ақ кәсіби этика нормаларын сақтау міндеттері қосылған.
Қор заңгері: «Басынан-ақ мемлекет осы екі міндет арқылы өзіне ұнамайтын журналистермен күресіп, олардың құқықтарын барынша шектеуді көздеп отырғаны түсінікті болды», - дейді.
Кейін Мәдениет және ақпарат министрлігі журналистерді аккредиттеудің үлгілік қағидаларын бекітіп, оларды іс-шара регламентін сақтауға міндеттеді.
Сергей Уткин: «Бұл регламентке ұнамайтын журналистердің қызметін шектеу үшін кез келген талапты енгізуге болатын еді. Енді Құрылтайдың аккредиттеу ережелері тәуелсіз журналистердің мұнда құпталмайтынын және олардың құқықтарын барынша шектеуге тырысатынын анық көрсетіп отыр», - деді.
Заңгердің пікірінше, аудио, фото және видеотүсірілімге қойылған шектеулер де жеке мәселе ретінде қарауды қажет етеді. Құрылтай регламентіне сәйкес, журналистер тек баспасөз орталығында еркін түсіре алады, ал басқа бөлмелерде түсірілім жүргізу үшін баспасөз қызметінің рұқсаты қажет.
Уткин: «Масс-медиа туралы» заңның 26-бабы 3-тармағының 3) тармақшасында журналистің заңда тыйым салынған жағдайларды қоспағанда, кез келген жерде аудио, фото және видеотүсіруге құқығы бекітілген. Ал Құрылтайдың ережелері заң емес. Демек, онда журналистерге аудио, фото және видеотүсіруге тыйым салу қарастырылмауы тиіс. Бірақ журналистерге бұл талапты орындамауға кеңес берудің өзі қауіпті, өйткені ертең оларды аккредиттеуден айыруы мүмкін, ал талапқа бағынатын сот регламент нормаларының заң ережелеріне қайшы келетінін елемеуі ықтимал. Конституцияда бекітілген «Заң мен тәртіп» қағидасы бізде осындай сипат алып отыр», - деді.
Заңгер журналистерге регламент талаптарын елемеуге кеңес бермейді. Ережені бұзу аккредиттеуден айыруға себеп болуы мүмкін. Ал мұндай шешімге шағымдану журналистің құқығының қалпына келтірілетініне кепілдік бермейді.
«Әділ сөз» ұйымы журналистердің депутаттармен қарым-қатынас жасауына және өз бетінше түсірілім жүргізуіне қойылған шектеулер тек БАҚ-тың жұмысына ғана емес, қоғамның елдің жоғары өкілді органының қызметі туралы ақпарат алу мүмкіндігіне де әсер етеді, дейді.



