Сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры
Международный фонд защиты свободы слова
The International Foundation for Freedom of Speech Protection

4vlastinfo бас редакторы қудалауға ұшырағанын айтып, президент Тоқаевтан араша сұрады

21 қазан 2026

4vlastinfo ақпараттық порталының бас редакторы Мадина Жатқанбаева Түркістан облысында бюджет қаражатының жұмсалуына қатысты журналистік зерттеу жариялағаннан кейін қысымға ұшырағанын мәлімдеді. Айтуынша, оған қарсы сотқа екі арыз түскен. Ал полиция әкімшілік хаттама толтырған. Журналист хаттаманың заңдылығына дау айтып отыр.

Жатқанбаева бұл туралы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Бас прокурор Берік Асыловқа және ҰҚК төрағасы Ермек Сағымбаевқа жолдаған үндеуінде мәлімдеді. Үндеу басылымның Instagram парақшасында жарияланған. Дау 2026 жылғы 23 шілдеде «СПК «Түркістан»» АҚ қызметі туралы видеорепортаж жарияланғаннан кейін басталған.

Материалда бюджет қаражатының жұмсалуы және Түркияға 5 миллиард теңге аудару мәселесі көтерілген. Журналистің мәлімдеуінше, материал жарық көргеннен соң бұған дейін сұхбат берген СПК басқарма төрағасының орынбасары Асланбек Исахов видеорепортажды өшіруді талап етіп, сотқа жүгінген. Дәл осындай талап-арызды корпорация берген.

Президентке жолдаған үндеуінде Жатқанбаева өзіне қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің көпшілік алдында немесе бұқаралық ақпарат құралдары мен телекоммуникация желілерін пайдалана отырып жала жабу 73-3-бабының 2-бөлігі бойынша толтырылған хаттаманың кейінгі күнмен рәсімделгенін мәлімдейді. Сондай-ақ ол сараптаманың заң бұзушылықтармен жүргізілгенін және құжаттағы (хаттамадағы) қолтаңбаның өзінікі емес екенін айтады. Журналист ел басшылығы мен құқық қорғау органдарынан болған жағдайды тексеріп, полиция қызметкерлерінің әрекетіне құқықтық баға беруді сұрайды.

«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры журналист баяндаған жағдайды объективті тексеру қажеттігіне назар аударады. Әкімшілік рәсімдер қоғам үшін маңызды ақпаратты жариялағаны үшін БАҚ-қа қысым жасау құралына айналмауы тиіс.

«Әділ сөз» қоры толтырылған хаттаманың заңдылығын, сараптаманың қалай жүргізілгенін және қолтаңбаның түпнұсқалығын тексеру қажет деп санайды. Бюджет қаражатының жұмсалуы мен мемлекет қатысатын ұйымдардың қызметі туралы мақалалар қоғам үшін маңызды. Ал мұндай мәселелерді журналистер кәсіби тұрғыдан кедергісіз зерттеуі  керек.

Өз сұрағыңызды қойыңыз