Сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры
Международный фонд защиты свободы слова
The International Foundation for Freedom of Speech Protection

40 журналист Құрылтайдағы брифинг өткізу ережесін өзгертуді талап етті

21 қазан 2026

Қазақстан Құрылтайына аккредиттелген 40 журналист палата төрағасы Айбек Дәдебайға ұжымдық үндеу жолдап, брифинг өткізу ережесін қайта қарауды талап етті. Олар іс-шараның жарияланған тақырыбына қатысы жоқ сұрақтар қоюға тыйым салуға қарсы. Бұл туралы Otkir Kurek басылымы хабарлады.

Қолданыстағы ережеге сәйкес, журналист күн тәртібінен тыс сұрақ қойғаны үшін ескерту алуы мүмкін. Ал мұндай талапты екі рет бұзған жағдайда алты айға аккредиттеу құқығынан айырылу қаупі бар.

Үндеу авторлары мұндай шектеулерді негізсіз деп санайды. Олардың пікірінше, журналистер министрлерге, депутаттарға және басқа да лауазымды тұлғаларға олардың құзыретіне кіретін кез келген мәселе бойынша, брифинг тақырыбына қарамастан, сұрақ қоя алуы керек.

Журналистер аккредиттеуден айыруға негіз болатын заң бұзушылықтар тізімінен тақырыптан тыс сұрақ қоюды алып тастауды талап етіп отыр. Заң бұзушылықтарды тіркеудің ашық тәртібін белгілеп, ескертулерге шағымдану тетігін енгізуді ұсынады.

Үндеуде мұндай шектеулер аккредиттеудің негізгі мақсатына — мемлекеттік органдардың қызметі туралы қоғамды кеңінен жедел ақпараттандыруға қайшы келетіні айтылған. Үндеуге қол қойған журналистер Құрылтай басшылығынан даулы норманы қайта қарап, ресми жазбаша жауап беруді сұрайды.

«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры аккредиттеу журналистердің ақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз етіп, олардың кәсіби қызметін шектеу құралына айналмауы тиіс деп мәлімдейді. Лауазымды тұлғаларға қоғам үшін маңызды мәселелер бойынша сұрақ қою мүмкіндігі тек брифингтің алдын ала жарияланған күн тәртібіне байланысты болмауы керек.

Өз сұрағыңызды қойыңыз