Қоғамда резонанс тудыратын істер бойынша ашық сот процестерінің жариялылығын қамтамасыз ету адам құқықтары мен бостандықтарын сақтаудың маңызды тетіктерінің бірі.
Осындай атышулы сот процестерінің бірі – Салтанат Нүкенованы айуандықпен өлтірді деп күдіктелген Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот процесі. 11-12 наурызда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына (кемінде 30 адам) алдын ала тыңдауға келген журналистер сот отырысынан хабар таратуда қиындықтарға тап болды. Бөлме тым кішкентай болғандықтан телеоператорлардың фото, видео түсіру үшін сот залына кіруіне мүмкіндік берілмеді. БАҚ сот отырысы трансляциясының дыбыс сапасына шағымданды.
27 наурызда іс бойынша негізгі сот отырысы басталды.
Бұл сот процесіне қоғамның зор қызығушылық танытып отырғанын ескере отырып, Жоғарғы Сот сот процесінен хабар тарататын журналистер үшін жағдай жасауға бар күшін салды. Нәтижесінде медиа-операторларға залға кіруге, журналистерге сот трансляциясын көруге мүмкіндік берілді. Сонымен қатар, кез-келген адам көре алатын онлайн трансляция ұйымдастырылды. Осының барлығы соттың сот ісін объективті және бейтарап ашық өткізуге, сот төрелігіне жариялылық пен қоғамдық бақылауды қамтамасыз етуге талпысының дәлелі.
«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры сот процестерінің ашықтығы мен жариялылығына, БАҚ-пен жұмыс істеуге және барлық демократиялық қағидаттарды қатаң сақтауға бағытталған осындай қадамдарды толығымен қолдайды.
«Әділ сөз» осы тәжірибені қазақстандық басқа соттардың жұмысына енгізуге көмектесуге және Жоғарғы Сотпен бірлесіп сот процестерін жариялау, сот билігі өкілдерін оқыту кезінде БАҚ-пен жұмыс жасау бойынша нұсқаулықтарды жетілдіруге дайын.
Біз сот жүйесі мен қоғам өкілдерінің, соның ішінде БАҚ өкілдері арасында ашықтықты қамтамасыз ету және шешім қабылдау үдерістеріндегі сенімді арттыру үшін одан әрі ынтымақтастық пен диалогқа дайынбыз.